Дайындық барысы пысықталды
Облыс орталығындағы Жамбыл политехникалық колледжінде 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына дайындық мәселелері бойынша семинар-кеңес өтті.
Аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары және облыстық сайлау комиссиясының мүшелері қатысқан кеңесте сайлау комиссияларының мүшелерін және сайлау процесіне басқа да қатысушыларды оқытуды ұйымдастыру, сайлау алдындағы үгітті жүргізудің негізгі аспектілері, ҚР Президенттігіне кандидаттарды қолдап қойылған қолдардың растығын тексеру барысы мен сайлаушылар тізімдерімен жұмысты ұйымдастыру жайы қаралды.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов жүргізген семинар кеңестегі бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Сара Мәдиева өз сөзінде:
– Күнтізбелік оқыту жоспарына байланысты аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері 1 қарашаға дейін түгелдей оқытылады. 18 қарашаға дейін облыс бойынша барлық учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері оқып бітулері керек. Жалпы алғанда, 3 856 адам оқып, тест тапсырып, сертификат алулары тиіс. Ол сертификат әрбір сайлау комиссиясы мүшесінің сайлау туралы заңды, өз міндеттерін жақсы білетінін растайды. Қазіргі таңда біз үгіт-насихат жүргізу үшін жалпы ұйымдастыру жұмыстарын қолға алдық. Ең негізгі мәселенің бірі – сайлау науқанынан ақпарат беретін облысымыздағы барлық бұқаралық ақпарат құралдары Орталық сайлау комиссиясының сайтында тіркелулері қажет. Бүгінгі таңда өңіріміздегі үш облыстық газет, бір қалалық газет тіркелді.
Ал 21 қазан кешкі сағат 18.00-ден бастап үгіт-насихат жұмыстары жүргізіле бастайды, – деді.
Басқосу барысында сайлау комиссиясының мүшелері тақырыпқа сай түйткілді мәселелердің жай-жапсарына қатысты сауалдарын қойып, жауап алды.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз