жексенбі, 22 желтоқсан, 2024 16:58

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі өңірде қандай әділ шешімдер қабылдап жатыр?

«Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі өңірде қандай әділ шешімдер қабылдап жатыр?
ашық дереккөз
Сыбайлас жемқорлық – жегіқұрт. Онымен күрес қашанда өзекті. Бұл тұрғыда азаматтық қоғамның белсенділігі де маңызды рөл атқарады. Әсіресе үкіметтік емес ұйымдардың араласуымен талай заңсыздықтардың беті ашылып, қыруар қаржы қазынаға қайтарылуда. Осындай жұмыстардың жүзеге асуына «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің де қосып жатқан үлесі қомақты. Біз бүгін аталған ұйымның Жамбыл облысы бойынша филиалының жетекшісі, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Назима Жұбандықовамен жүздесіп, сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында атқарылып жатқан шаруалар, қоғамдағы басқа да өзекті мәселелер туралы сұхбаттасқан едік.

– Назима Дәрменқызы,  қоғамдағы  өзекті мәселелерге тоқталсақ. Өз тарапыңыздан қандай жағдайларға назар аударып келесіз? – Жалпылай айтатын болсақ, мәселе өте көп. Шешімін күткен әлеуметтік сұрақтар жетерлік. Алайда салаға қатысты, яғни тұрмыстық жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру басты назарда. Себебі қазір қайда барсаңыз да мәселені  таныс-тамыр мен қалың қалта шешіп тұр. Бұдан арылудың бір ғана жолы бар.Ол – үндемей қалмау және құқықтық сауаттылықтың болуы. Мәселен, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыс бойынша филиалына 103 өтініш келіп түскен. Оның  ішінде 9 тұрғын 1463 call-орталығы арқылы  шағымданса,  74 адам жеке қабылдауға жазылды. Сонымен қатар электрондық пошта,  «WhatsApp» желісі,  «adildikjoly.kz» сайты арқылы көмек сұраған жандар да бар. 

– Өзіңіз басы-қасында жүрген «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ» көшпелі кеңес беру алаңы аудандарда ұйымдастырылып  жүр.  Шыны керек,  кейбір өңірлерде  халық тегін кеңес алуға келмей жатады. Бұл тұрғындардың немқұрайдылығы ма,  әлде аудан басшыларының қандай да бір қатысы бар ма? – «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ құрылды. Топ құрамына анықталған әлеуметтік мәселелерді шешуге жауапты мемлекеттік органдардың мамандары, заңгер, адвокат, сот орындаушы, нотариус, мәслихат депутаттары, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі, облыстық қоғамдық кеңес және үкіметтік емес ұйымдардың төрағалары кірген. Мобильді топтың мақсаты – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, халыққа тегін құқықтық кеңес беру, қабылдаулар өткізу. Қазіргі таңда мұндай шаралар Жамбыл, Байзақ, Т.Рысқұлов, Меркі, Жуалы, Сарысу, Талас аудандарында өткізілді. Алдағы уақытта Қордай, Шу, Мойынқұм аудандары мен Тараз қаласында ұйымдастыру   жоспарланған. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топтың» көшпелі кеңес беру алаңына  400-ге жуық азамат келіп,  мәселе көтерді.  Кездесу барысында ауыл азаматтары баспана, жер мәселесін, тұрақты жұмыспен қамту жайын, денсаулық, білім саласына қатысты талап-тілектерін айтқан.  

– «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының  басшысы  және әлеуметтік желі белсендісі  ретінде «Facebook»-тегі парақшаңызда қаламыздағы кейбір олқылықтарды жиі көтеріп жүрсіз. Соның ішінде оң шешімін тапқан мәселелер бар ма? – Облыс аумағындағы жол құрылысы саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің өкімі бар. Құжатқа сәйкес жол құрылысының барысын мониторингілеу жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Сол жұмыс тобының мүшесімін. Сонымен қатар Тараз қаласы бойынша зерделеу тобының жетекшісімін. Сондықтан үздіксіз жол мәселесіне қатысты барлық жұмыстың басы-қасында жүремін. Сондай-ақ жолға қатысты шағым, өзге де мәселелер болса, жеке ұялы телефоныма хабарласуға болады. Шілде айынан бастап топ өз жұмысын бастап кетті.

2021 жылғы 14 шілдеде «Жамбыл облысы Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мекемесі және «Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жөніндегі кәсіпорны» арасында «Жамбыл облысы Қордай ауданының КН-КR «Қаракемер-Қарасай батыр-Еңбекші» аудандық маңызы бар автомобиль жолын 28,5-37,57 шаршы шақырым орташа жөндеу» жұмыстарына бір көзден мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқан.Келісімшарт бойынша жалпы сома 266,3 миллион  теңгеге 9,2 шаршы шақырым жол жөндеу қажет, аяқталу мерзімі 2023 жылдың 31 желтоқсаны болатын.

2022 жылдың наурыз айында келісімшартта көрсетілген жұмыстар бойынша кәсіпорын мемлекеттік сатып алу конкурсын жүргізбей құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін «Ersultаn» жеке кәсіпкерлігімен 35,2 миллион теңгеге, «Кахарманова Г.Т.» жеке кәсіпкерлігімен 5,1 миллион теңгеге, «Иванов С.Д.» жеке кәсіпкерлігімен 20,2 миллион  теңгеге және «DL Engineering Group» ЖШС-мен 187,2 миллион теңгеге тікелей келісімшарттар жасасқан. Ал «Ersultаn», «Кахарманова Г.Т.» және «Иванов С.Д.» жеке кәсіпкерліктерінің  жол жөндеу жұмыстарына лицензиясы болмаған.2023 жылдың желтоқсан айында бөлім мен кәсіпорын арасында жұмыстар толығымен игерілді делінген. Шын мәнінде, келісімшарт бойынша жөнделетін 9,2 шаршы шақырым жолдың жартысы ғана жасалған, ал бөлінген бюджеттік қаражаттар жымқырылуы мүмкін.Осы жағдайда тапсырыс беруші, яғни бөлім мердігерді сотқа беріп, мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы ретінде тану керек еді.

Алайда 2024 жылдың 22 қаңтарында заңсыз талап қою арқылы бөлім басшысы жауапкер кәсіпорын басшысы міндеттерін орындау туралы азаматтық (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жүгінеді.Нәтижесінде биылғы 22 қаңтарда Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы №3115-24-00-2/150 санды ұйғарым шығарып, талап қоюшы бөлім мен жауапкер кәсіпорынның 2021 жылғы 14 шілдеде жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша «Жамбыл облысы Қордай ауданының КН-КR «Қаракемер-Қарасай батыр-Еңбекші» аудандық маңызы бар автомобиль жолын 28,5-37,57 шаршы шақырым орташа жөндеу» жұмыстарын 2024 жылдың 1 маусымына дейін атқаруға (аяқтауға) міндеттейді.Жоғарыда аталған жайттардың негізінде көрсетілген мән-жайларды тексеріп, кінәлі тұлғаларды жауапқа тартып және облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылы 22 қаңтардағы №3115-24-00-2/150 шешімінің заңдылығына тексеру жұмыстарын жүргізуді құзырлы органдардан сұранған болатынбыз. Қазіргі таңда облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінде аудиторлық тексеру жүргізілуде. Біз келтірген дәйектер анықталса, тиісті шаралар атқарылатын болады. Осы тұста айтқым келетіні, көптеген анықталған кемшіліктің расталуына құзырлы органдар тарапынан ұзақ уақыт талап етіледі. Сондай-ақ кей жағдайларда бұрмалаушылыққа да жол беріледі. Ондай фактілер жиі кездеседі. Бір сұхбат аясында атқарылған жұмыстарды толық жеткізу мүмкін емес. 

  – Әңгімеңізге рақмет!

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар