Димаш Құдайберген қытайлық әнші Гун Линнамен бірге «Қараторғай» әнін орындап, елді тәнті етті
- авторАяжан Дәулетбекқызы
- 16 ақпан, 2025
- 242

Димаш Құдайберген қытайлық әнші Гун Линнамен бірге «Қараторғай» әнін орындап, елді тәнті етті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жұлдызды жұптың орындауындағы ән YouTube желісінде жарияланды. Бұл орындау қысқа уақыт ішінде мыңдаған қаралым жинаған. Димаштың ерекше вокалдық мүмкіндіктері мен Гун Линнаның әсерлі орындауы тыңдармандардың жоғарғы бағалауына ие болды.
Қытайдың танымал BRTV телеарнасында Димаш Құдайберген мен қытайлық әнші Гунн Линның қатысуымен «最美中轴线 Singing for the Central Axis of Beijing» жобасы жарық көрген.
Димаш пен Гунн Линн өздерінің мәдениетаралық саяхаттарының соңында бірегей вокальдық эксперимент ұсынып, қытай және қазақ тілдеріндегі «Феникс» және «Қараторғай» әндерін біріктірді.
«Қараторғай» – қазақтың халық әні, табиғат пен еркіндікті жырлайтын терең мағыналы туынды. Димаш бұл әнді бұған дейін де түрлі сахналарда орындаған, алайда бұл жолғы дуэт ерекше форматта ұсынылды. Гун Линна – Қытайдың дәстүрлі музыкасын насихаттаушы өнерпаз. Оның орындаушылық стилі ұлттық және заманауи элементтерді біріктіреді.
Ал желі қолданушылары қос әншінің үйлесімділігіне таңғалып, «Қазақ және қытай мәдениетінің тоғысуы», «Музыка ұлтқа, дінге бөлінбейді» деген пікірлер қалдырды.