Динаның домбырасы
Елордадағы Ұлттық музейдің төрінде биыл туғанына 160 жыл толған атақты күйші, Қазақстанның халық әртісі Дина Нұрпейісованың қолының табы қалған домбырасы тұр.
Тоғыз жасынан Құрманғазы, Дәулеткерей, Мүсірәлі, Ұзақ, Әлікей, Түркеш, Есжан, Байжұма, Баламайсан секілді саңлақ күйшілердің шығармаларын құлағына сіңіріп өскен жас күйшінің атағы, өзі туған Нарын құмына ерте жайылды. Дарынды өреннің атын естіген Құрманғазы атамыз Динаның күй шерткенін көру үшін оның ауылына келіп, жас күйшінің өнеріне тәнті болып, батасын беріп, ақылшы ұстаз болды. Осылай күй атасының батасын алған Динаның өнердегі жолы даңғылға айналды. Тарлан күйші өз шығармашылығында Құрманғазының жігерлі күйлерімен бірге Дәулеткерейдің нәзік лирикасын ұштастырып, бірегей туындыларды өмірге әкелді.
Біздің мақаламызға себеп болған күйшінің домбырасын 1939 жылы Арыстан Ермеков деген шебер қайың ағашынан жасаған. Домбыра екі шекті, шанағы сопақ, мойны жіңішке болып келеді. Аспаптың беткі жағы ұлттық нақыштағы және гүл тәріздес оюлармен өрнектелген. Жәдігерді 2003 жылы Президенттік мәдениет орталығының материалдық мәдени-тұрмыстық заттар қорына белгілі музыка зерттеушісі, профессор Болат Сарыбаев тапсырған. Дина апамыз Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде біраз уақыт Сарыбаевтар отбасымен көрші тұрыпты. Сонда бала Болаттың музыкалық қабілетін байқаған ол кісі оған өзінің домбырасын сыйға тартып: «Өмірімдегі ең асылым – осы домбыра, көзімдей көріп жүр» деп батасын беріпті. Дәулескер күйшінің осы бір ауыз сөзі Болат Сарыбаевтың жадында қалып, оның кейін қазақтың музыкалық аспаптарын жинап, ән-күй мұрасын зерттеуіне түрткі болған.
Бүгінде Дина Нұрпейісованың киелі домбырасы – Ұлттық музейдің құнды жәдігерлер қатарында саналады.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз