жұма, 3 сәуір, 2026 20:05

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Дулати университетінде tex4future жобасы жүзеге асып жатыр

Дулати университетінде tex4future жобасы жүзеге асып жатыр
Ғылым және жоғары білім министрлігі
Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде Erasmus+ «Textile Manufacturing for the Future in Uzbekistan and Kazakhstan» халықаралық жобасы аясында индустриялық серіктестердің қатысуымен ақпараттық күн ұйымдастырылып, университет базасында «Текстиль дизайны» білім беру орталығының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Аталған жоба Technical University of Crete үйлестіруімен жүзеге асырылып, Қазақстан, Өзбекстан және Еуропаның жетекші университеттері мен ұйымдарын біріктірді. Жобаға University of West Attica, Gheorghe Asachi Technical University of Iași, Ege University, Creative Thinking Development, Guru Services, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Қазақстан Республикасының жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары ассоциациясы, Ташкент текстиль және жеңіл өнеркәсіп институты, Джизақ политехникалық институты, Fergana State University және Өзбекстан Сауда-өнеркәсіп палатасының өкілдері қатысты.

Жобаның мақсаты – текстиль және тігін өнеркәсібі саласына заманауи технологияларды меңгерген, еңбек нарығының жаңа талаптарына бейімделген, халықаралық тәжірибеге сәйкес білім мен дағдыларға ие мамандарды даярлау.

Халықаралық серіктестермен кездесу барысында Дулати университеті Крит техникалық университеті мен Ферғана мемлекеттік университетімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл маңызды қадам халықаралық академиялық байланыстарды одан әрі нығайтып, бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Сонымен қатар меморандум жобаның алдағы дамуында стратегиялық мәнге ие, Қазақстан мен Өзбекстан университеттері арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, студенттер мен ғалымдардың халықаралық тәжірибе алмасуына жол ашады.

Ақпараттық күн аясында университетте «Текстиль дизайны» білім беру орталығы ашылды. Салтанатты рәсімде университеттің Басқарма төрағасы - ректор Ләззат Еркінбаева мен профессор Николас Билалис лентаны қиып, орталықтың жұмысын ресми түрде бастады. Жаңа орталық заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, студенттердің практикалық дағдыларын жетілдіруге, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға және өндіріс өкілдерімен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

Басқарма төрағасы - ректор Ләззат Еркінбаева құттықтау сөз сөйлеп, жобаның стратегиялық мақсаттарына тоқталды. Ректор университеттің халықаралық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырып отырған жобалардың маңыздылығын атап өтіп, TEX4FUTURE жобасының Қазақстан мен Өзбекстанның текстиль және тігін саласында білікті мамандарды даярлаудағы нақты үлесін ерекше көрсетті. Сонымен қатар білім беру, ғылым және өндіріс арасындағы тиімді байланыстардың университет үшін басымдық екенін жеткізді.

Бағдарлама барысында халықаралық семинар ұйымдастырылып, текстиль индустриясындағы заманауи үрдістер, цифрландыру және жаңа технологияларды енгізу мәселелері жан-жақты талқыланды. Қатысушылар TEX4FUTURE жобасының нәтижелерімен танысып, жаңа білім беру бағдарламалары мен тәжірибеге бағытталған курстарды жоғары бағалады.

Сонымен қатар қонақтарға университеттің зертханалары мен білім беру инфрақұрылымы көрсетіліп, толық өндірістік циклді қамтитын мүмкіндіктер таныстырылды. Қатысушылар өңірдегі кәсіпорындарға барып, өндірістік үдерістермен танысып, болашақ ынтымақтастық бағыттарын талқылады.

TEX4FUTURE жобасы білім беру, ғылым және индустрия арасындағы тиімді ықпалдастықты қалыптастыруға бағытталған. Жоба еңбек нарығына сай мамандар даярлауға, халықаралық тәжірибені білім беру жүйесіне енгізуге, қолданбалы зерттеулерді дамытуға және бизнес-қоғамдастықпен байланысты нығайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда университетте заманауи зертханалық база қалыптасып, жаңа білім беру шешімдері енгізіліп, индустриялық серіктестермен байланыс белсенді дамып келеді.

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар