Түркістан қаласында өткен ІІ Ұлттық құрылтайда еңбек адамын насихаттау туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз еңбек адамының мәртебесін көтеруге баса мән береміз. Елімізде түрлі саланың кәсіби мерекесі бар. Көбінесе мұндай мейрамдар назардан тыс қалып жатады. Менің ойымша, Еңбек күніне орай ең үздік мамандарды мемлекеттік деңгейде ұлықтаған жөн. Бұл қадам қоғамда еңбек культін орнықтыруға жол ашады», – деп айрықша атап өтті. Сондай-ақ «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында Президент: «Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек», – деп, адал еңбек – бүкіл жетістіктің бастауы, табысқа жетудің кілті екенін атап өтті. Осы тұрғыда бейнеткеш әке-ағаларымыздың тағылымды тірлігін бүгінгі өскелең ұрпаққа үлгі етудің мән-маңызы ерекше.
Қоғамда табанақы, маңдай терімен нәпақасын тауып, бала-шағасын асырап жүрген жандар аз емес. Ісі дара еңбек адамының бірі – Тараз қаласының тұрғыны Ақылжан Бейсенбайұлы. Өмірінің жарты ғасырын қара еңбекке арнаса да қаранардай қажымаған А.Бейсенбайұлы терлеп тапқан нанның тәтті болатынын айтады.
– Қоғамда жұмыс жоқ деп қол қусырып жүрген адамдар баршылық. Шындығында, іздеген адамға жұмыс көп. Тек адамдарда жұмыс істеуге ниет, ынта жоқ.
Аллаға шүкір, қара жұмыстың арқасында-ақ ешкімнен кем болмай, ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Жас кезімнен еңбекке ерте араласқан соң ешқандай ауыр жұмыстан қашпаймын. Менің бар сенетінім – екі аяғым мен екі қолым.
Қазір көп жас құмар ойындарға тәуелді болып, ата-аналарының тапқан-таянғанын шашып жүр. Неге? Себебі өзі еңбектеніп таппаған соң ақшаның қадірін білмейді. Еңбекті қадірлемейді. Жас толқынның дені адал еңбектен қол үзіп қалғаны белгілі. Баланы жасынан еңбекке тәрбиелеу өте маңызды, – дейді А.Бейсенбайұлы.
Қара күшінің арқасында қара нан тауып жеп жүрген ағамызбен әңгімелесіп отырып, отбасы туралы да көзқарасы басқаша екенін байқадық.
– Отбасы – екі адамның бір-біріне деген кішіпейілдігі мен кеңпейілдігінің, махаббаты мен мейірімінің тоғысқан, түйіскен ортасы. Сондықтан отбасыны қорғау – әрбір бас құраған адамның басты міндеті деп білемін. Әрі отбасын гүлдендіру де, көркейту де екі адамға ортақ мәселе. Ешқашан да жүкті бір адамның мойнына артып қойып, жауапкершіліктен қашуға болмайды.
Жарым Алма Балмашова ұзақ жылдар бойы жетімдер үйінде жұмыс істеген адам. Біз ол жақтағы тастанды балалардың тағдырын ойлап жүрегіміз ауыратын. Кейін өзіміздің де ұл-қыздарымыға дұрыс тәрбие беруді көп талқылайтын болдық. Қазіргі таңда перзенттеріміз де қоғамнан өз орындарын тапты, – деген кейіпкеріміз қазір Төле би көшесінің бойындағы көшеттерді баптап, бекітіліп берілген аумақтың жасыл желегін суғарумен айналысатынын жеткізді.
Осылайша еселі еңбегі арқылы шаһарымыздың ажары артып, сәні кіруіне өзіндік үлесін қосып жүр.Қаламыздың тазалығы мен көркемдігіне барлық тұрғын жауапты. Мен жол бойындағы ағаштарды суғарамын. Жасыл желектердің жайқалғанын көрген сайын өз үйімнің ағаштары гүлдегендей қатты әсер аламын. Әрине, кейде суғару барысында қолыңды суық суға малуға тура келеді. Талдардың түбін тазалаған сәтте үсті-басымыз батпақ болып, бет-аузымызды топырақ-шаң тұтып қалады. Бірақ мұндай нәрселер мен үшін қиыншылық емес. Ең бастысы, баладай баптап жүрген ағаштарымның қурап кетпей, көктеп тұруы. Әрі ағаштарға қарай жүргенде өткен-кеткен адамдарды да көріп, көңілің тоғайып қалады. Кейде талдардың саясында тұрған жастарды көріп, жасарып қалғандай сезінемін. Өйткені табиғат деген ғажап қой. Біздің өміріміздің мәні де сол табиғаттың сұлулығын қорғау және оны түйсіну болса керек, – дейді.
Ата-ана үшін қашанда балаларының тәрбиелі болып өскенінен артық бақыт жоқ болса керек. Жастайынан еңбек етіп үйренген А.Бейсенбайұлы балаларын да еңбекке баулып өсірген.Расында, әрбір адам адал еңбегі арқылы Отанының дамуына үлес қоса алады. Өйткені мемлекетке қызмет ету үшін тек қана мемлекеттік қызметші болу шарт емес. Кез келген азамат өзінің қолынан келетін іспен айналысып, халыққа пайдасын тигізсе болғаны, оның бәрі де мемлекетке қосқан үлесі болмақ. Сондықтан да өз ісін сүйіп, адал еңбек етіп жүрген жандардың еңбегін бағалап, оларды сыйлау – қоғамның парызы.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
«1 млн. 107 600 теңге»: Жамбылдық ұстаздар ақшалай сыйақыға ие болды
- авторjambylinfo.kz
- 20 желтоқсан, 2024