сәрсенбі, 11 наурыз, 2026 18:34

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Еңбек министрлігі қазақстандықтарға әлеуметтік төлемдер туралы маңызды ескерту жасады

Еңбек министрлігі қазақстандықтарға әлеуметтік төлемдер туралы маңызды ескерту жасады
Фото: Zakon.kz
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

2026 жылғы 11 наурызда Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазақстандықтарға әлеуметтік төлемдерге қатысты жалған ақпарат туралы маңызды ескерту жасады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Ведомствоның мәліметінше, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде баласы 1,5 жасқа толғаннан кейін әйелдер жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлем рәсімдей алады деген жалған ақпарат таралуда.

Министрлік мұндай мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын атап өтіп, азаматтарды тек ресми дереккөздерге ғана сенуге шақырды.

Мұндай хабарламалардың авторлары азаматтарға алты ай бойы төлем алу үшін мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркелуді ұсынады.

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл "схеманың" заңды негізі жоқ екенін және ол азаматтарды жаңылыстыратынын ресми түрде түсіндіреді.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бала күтімі бойынша демалыста отырған әйелдің жұмыс орны сақталады, сондықтан ол жұмыссыз деп танылмайды. Жұмыссыз мәртебесі тек нақты жұмыс іздеп жүрген және жұмысқа кірісуге дайын адамдарға ғана беріледі.

Сондай-ақ жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем тек міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға тағайындалатынын еске саламыз. Олар жұмыссыз ретінде тіркеліп, белгіленген талаптарды орындауы тиіс. Төлем алушы жұмысқа орналасқан жағдайда бұл туралы мансап орталығын уақтылы хабардар етуге міндетті. Егер жалған мәліметтер ұсынылса, төленген қаражат заңнамада белгіленген тәртіппен қайтарылатын болады.

Министрлік сондай-ақ әлеуметтік төлемдерді алу мақсатында әдейі жалған мәліметтер беру алаяқтық ретінде бағалануы мүмкін екенін ескертеді. Осындай жалған нұсқаулықтарды тарататын тұлғалар да жауапкершілікке тартылуы ықтимал.

2025 жылы еліміздің 12 өңірінде алаяқтық фактілері бойынша 30-дан астам қылмыстық іс қозғалды. Бес өңірде қазірдің өзінде 7 сот үкімі шығарылды. Тергеу барысында азаматтардың әлеуметтік желілердегі (соның ішінде Instagram-дағы) жарнамалық жарияланымдарға сеніп, әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу схемаларына тартылғаны анықталды.

Осыған байланысты азаматтарды мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі бейтаныс адамдарға сенбеуге, жеке деректерін бөгде тұлғаларға бермеуге және ақпараттың тек ресми көздерін пайдалануға шақырамыз.

Әлеуметтік қолдау шаралары туралы толық ақпарат enbek.gov.kz сайтында, Министрліктің әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында, сондай-ақ 1414 нөмірі бойынша байланыс орталығы арқылы қолжетімді.

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар