
Еңбек адамын дәріптеу мақсатында Jambylinfo.kz тілшісі «Super pharm» зауытына арнайы барып, қаптау цехының жетекшісі Дина Мұхамбетовамен сұхбаттасты.
Дина Бектұрғанқызы 1977 жылы 2 қарашада Талас ауданы, Ойық ауылында дүниеге келген. Бүгінде ол – «Super pharm» зауытындағы қаптау цехының басшысы. Ал еңбек жолын осы кәсіпорында 2011 жылы қарапайым жұмысшы ретінде бастаған еді. Бір қарағанда қарапайым өмір, бірақ осы 14 жыл ішінде Дина табандылық пен еңбекқорлықтың жарқын үлгісін көрсетті. Алдымен орау цехында үш жыл жұмыс істеп, өндірістегі әр процесті толық меңгеріп, жауапты жетекші лауазымына дейін көтерілді.
Бұл жетістік оңайлықпен келген жоқ. Оның артында күнделікті тынымсыз еңбек, үздіксіз ізденіс, әріптестермен сыйластық пен отбасынан көрген қолдау жатыр.
– Бұл жерге алғаш келгенде бірден үйренісіп кете алмадым. Бірақ әріптестерім көп көмектесті. Жұмысқа деген махаббатым мені алға жетеледі. Қандай іс болмасын, ықыласпен атқарсаң, жемісін береді. Ең бастысы – ерінбеу, ұялмау, адал еңбек ету, – дейді Дина.
Ол – төрт баланың анасы, үш немеренің сүйікті әжесі. Жолдасы Қавнат екеуі бір-біріне тірек бола білген жұп. Дина қызмет пен отбасын ұштастырып, өмірдің тепе-теңдігін сақтай алған жан. Оның айтуынша, әйел үшін тек мансап емес, отбасының берекесі мен тыныштығы да аса маңызды.
– Ұжымда жақсы қарым-қатынас орнату үшін сөйлесе де, тыңдай да білу керек. Бір-бірімізді үнемі қолдап отырсақ, жұмыс нәтижелі болады. Жастарға айтарым – қиындықтан қорықпай, еңбек ету керек. Мұндағы әр қызметкер өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарап, берілген міндетті тиянақты орындайды. Сонымен қатар еңбек тәртібін сақтап, жұмыс берушінің талаптарын орындап, қауіпсіздік ережелерін қатаң ұстану – әр жұмысшының міндеті. Жұмысқа келгенге дейін мен үй шаруасымен айналыстым. Әйел адамның үйін де, жұмысын да қатар алып жүруі – үлкен жауапкершілік. Бастысы – өзара қолдау мен түсіністік, – дейді ол.
Зауытта еңбек ету – жай ғана табыс табу емес, бұл – үлкен ұжыммен ортақ мақсатқа жұмыс істеу, кәсіби даму жолы. «Super pharm» зауыты жыл сайын дамып, жаңа жұмыс орындарын ашуда. Мұнда еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік қолдау басты назарда.
Дина өз жетістігін жеке еңбекпен шектемейді. Ол әріптестерінің де еңбегін жоғары бағалайды. Әсіресе, әйелдердің табандылығы мен төзімділігіне сүйсінеді. Оның пікірінше, әйелге құрмет тек мереке күндері емес, күнделікті көрсетілуі тиіс.
– 8 наурыз – ерекше күн. Бірақ әйелге құрмет тек сол күні емес, күн сайын көрсетілуі керек. Қоғам ананы, апаны, әріптесті күнделікті қолдап отырса – береке артады. Әйелдің бақыты – оның сүйікті ісінде, берекелі отбасында, құрмет пен қолдауда, – дейді ол.
Бүгінде елімізде жұмысшы мамандықтарының беделі артып келеді. Еңбек адамына деген көзқарас оң бағытта өзгеруде. Бұл өзгерісті айқын көрсету үшін Дина Мұхамбетова сынды жандардың өмір жолы көпшілікке үлгі болуы тиіс.
Дина – мыңдаған еңбекқор әйелдің бейнесі. Ол – тек бір зауыттың емес, тұтас еңбек адамының абыройын қорғап жүрген қайсар жан.