жексенбі, 23 наурыз, 2025 2:06

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Еңбекпен өрнектелген өмір

Еңбекпен өрнектелген өмір
Фото: Jambylinfo.kz
Бұл шараға қоғам қайраткерлері, ардагерлер, туған-туыстары мен қала тұрғындары қатысты

Тараз қаласында көлік саласының ардагері, «Қазақ ССР Құрметті көлікшісі», «Құрметті автокөлікші» атақтарының иегері Тынышбек Сәрсенбаевқа арналған мемориалдық тақта ашылды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Тынышбек Сәрсенбаев 1932 жылы Жамбыл облысы, Меркі ауданында дүниеге келіп, өмірін көлік саласының дамуына арнаған жан. Лениградтағы ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру институтын тәмамдап, инженер-механик мамандығын игерген. Өндірістегі алғашқы қадамын 1955 жылы бастаған ол, бірнеше жылдар бойы Жамбыл облысының көлік саласында басшылық қызметтер атқарды. 1960 жылы «Казсельхозтехника» бірлестігінде еңбек етіп, кейіннен Жамбыл автотресінің басқарушысы болды. Оның бастамасымен 300 орындық такси орталығы, бірнеше авто бекеттер мен жүргізушілерге арналған демалыс орындары пайдалануға берілген.

Мемориалдық тақтаның ашылу рәсімінде сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Олжабай Мамашбайұлы және көлік саласының ардагері Мәмбет Күшікбаев марқұмның еселі еңбегін еске алып, оның көлік саласына қосқан үлесі зор екенін атап өтті.

Марқұмның қызы Эльмира Сәрсенбаева да әкесінің еңбегі мен өмір жолын тебірене еске алды. Ол өз сөзінде:

"Әкем – қарапайым, бірақ қайратты адам еді. Өз ісін жан-тәнімен сүйді, адал еңбек етті. Оның есімін елеп, еңбегін бағалап отырғандарыңызға отбасы атынан алғысымды білдіремін. Бұл мемориалдық тақта – тек әкемнің ғана емес, оның буынындағы еңбек адамдарының да еселі еңбегінің белгісі деп білемін", – деп толқып сөйледі.
Бұл шара – адал еңбектің бағалануының, елге қызмет еткен азаматтардың есімі ұмытылмайтынының белгісі. Көше бойында орнатылған мемориалдық тақта Тынышбек Сәрсенбаевтың есімін келер ұрпаққа жеткізіп, оның өнегелі өмірі мен қайраткерлігін насихаттайтын рухани мұраға айналды.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар