жексенбі, 4 қаңтар, 2026 2:25

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ел рухын асқақтатқан тарихи шешім

Ел рухын асқақтатқан тарихи шешім
Aqorda
Жамбыл жұртының Президентке ризашылық үні

Мемлекет басшысының Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары өңір тарихындағы тағылымы терең, ел жадында ұзақ сақталатын айтулы оқиғалармен ерекшеленді. Бұл сапар тек әлеуметтік-экономикалық мәселелерді қамтыған ресми іссапар ғана емес, сонымен қатар ұлттық рухты көтерген, тарихи әділеттілікті қалпына келтірген маңызды кезең ретінде бағаланды. Сапар аясында қазақ халқының біртуар перзенті, Ұлы Отан соғысының аңызға айналған қаһарманы, әскери қолбасшы, жазушы әрі ойшыл Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағының берілуі – осының айқын дәлелі.

Бұл шешім Жамбыл өңірінің тұрғындары, соның ішінде зиялы қауым өкілдері тарапынан ерекше қуанышпен, зор ризашылықпен қабылданды. Себебі Бауыржан Момышұлы – жамбылдықтардың ғана емес, барша қазақ халқының мақтанышы, ерлік пен елдіктің, намыс пен рухтың мәңгілік символы. Оның тағдыры мен өмір жолы Жамбыл жерімен, осы өңірдің тарихымен, ұлттың рухани болмысымен біте қайнасқан.

Бауыржан Момышұлының ерлігі мен тұлғалық болмысы – сонау соғыс жылдарынан бастап халық жадында. Ол майдан даласында теңдессіз батырлығымен танылып қана қоймай, соғыстан кейінгі кезеңде де ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосты. Оның әскери-патриоттық еңбектері, адамгершілік пен отансүйгіштікке үндейтін ой-толғамдары бірнеше буынның тәрбиесіне негіз болды. Сондықтан да «Халық қаһарманы» атағының берілуі халық күткен, уақыт сынынан өткен тарихи шешім ретінде қабылданды.

Осы орайда Жамбыл облысының зиялы қауым өкілдері – қоғам қайраткерлері, ардагерлер, ақын-жазушылар, ғалымдар мен мәдениет саласының көрнекті өкілдері Мемлекет басшысына арнайы алғыс хатын жолдады. Бұл хатта Президенттің Бауыржан Момышұлының ерлігін мемлекет деңгейінде жоғары бағалап, тарихи әділетті қалпына келтіргені үшін шынайы ризашылық білдірілген.

Алғыс хатта зиялы қауым өкілдері бұл шешімнің тек бір тұлғаның еңбегін мойындау ғана емес, тұтас ұлттың рухын асқақтататын, тарихи сананы жаңғыртатын маңызды қадам екенін атап өткен. Олар Бауыржан Момышұлының есімі халық жадында бұрыннан биік тұрғанын, ал «Халық қаһарманы» атағы сол халықтық құрметтің заңды жалғасы екенін ерекше атап көрсетті.

Хатта сондай-ақ Мемлекет басшысының ұлттық тарихқа, елдік құндылықтарға, ерлік пен батырлық дәстүрге деген терең құрметі айқын көрініс тапқаны айтылған. Зиялы қауым Президенттің бұл шешімін жас ұрпақты отансүйгіштікке, елге адал қызмет етуге тәрбиелеудегі маңызды рухани бағдар ретінде бағалады. Себебі Бауыржан Момышұлының өмір жолы – қиындыққа мойымау, әділет үшін күресу, ел мүддесін бәрінен биік қою сынды асыл қасиеттердің жарқын үлгісі.

Сонымен қатар алғыс хатта Мемлекет басшысының Жамбыл облысына жасаған сапары барысында өңір халқының рухани сұранысына, тарихи жадына ерекше көңіл бөлгені атап өтіледі. Бұл – ел мен билік арасындағы сенімді нығайтатын, халықтың мемлекетке деген құрметін арттыратын маңызды фактор екені де хатта айрықша мәнмен жеткізілген.

Жамбылдық зиялы қауым өкілдері Бауыржан Момышұлының ерлігі мен мұрасын ұлықтау – тәуелсіз Қазақстанның рухани тұтастығын күшейтетін, ел бірлігін бекемдейтін іс екенін атап өтті. Олар Президенттің бұл бастамасы болашақта да ұлттық тарихтағы өзге де тұлғалардың еңбегін әділ бағалауға жол ашатынына сенім білдірді.

Мемлекет басшысының Жамбыл облысына сапары және осы сапар аясында қабылданған Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешім – ел тарихындағы елеулі оқиға. Бұл шешім жамбыл жұртының ғана емес, күллі қазақ халқының жүрегінен орын алып, ұлттық рухты асқақтатты. Жамбылдық зиялы қауымның Президентке жолдаған алғыс хаты – осы қуаныш пен ризашылықтың, елдік пен ерлікке деген құрметтің айқын көрінісі.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар