«Елге көмек» қорының жетекшісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды
- авторСадуақас Айсұлу
- 10 сәуір, 2025
- 222
“Елге көмек” қайырымдылық қорының жетекшісі әрі Instagram желісінде qazaq_robin_hood атымен танымал Ілияс Сариев алаяқтық ісі бойынша ұсталды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Желіде тараған мәліметке сәйкес, заңгер Нұрсұлтан Орынбеков оқиға туралы айтты.
“Қазақ Робин Гуд Ілияс Сариев алаяқтық бабымен ұсталды. Алматыдан осындай ақпарат келіп түсті. Бірнеше азаматтан оның алаяқтық әрекеттеріне қатысты арыз түскені белгілі. Қазір сол шағымдар негізінде ұсталған. Егер алданғандар болса, Алматы қаласының ішкі істер органдарына шағым түсіре алады”, – деп жазды ол.
Бұл ақпаратты Алматы қалалық полиция департаменті растады.
“Алмалы аудандық полиция басқармасы алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі таңда жан-жақты әрі объективті тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады”, – делінген ресми хабарламада.
Айта кетейік, Ілияс Сариев әлеуметтік желіде түрлі қайырымдылық жобаларымен танылған. Ол көпшілік арасында мұқтаж жандарға көмектесіп жүрген “қазақ Робин Гуды” ретінде белгілі болды.