Есірткі мен алаяқтық: заңды білмесең – опық жейсің
- авторБақытжан Бекболат
- 6 мамыр, 2025
- 162

«Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы аясында Астана қаласының прокуроры Ерлан Өтегенов Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттерімен кездесті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Кездесудің негізгі тақырыбы – бүгінгі күні кең етек жайған құқық бұзушылықтар: есірткі қылмыстары мен алаяқтықтың алдын алу болды. Прокурор жастар арасында кең таралып бара жатқан есірткі тасымалы мен таратудың заманауи тәсілдері – мессенджерлер арқылы байланыс, «салушы» рөлі туралы ашық айтып, бұл әрекеттердің заң алдында ауыр қылмыс саналатынын ескертті.
«Есірткіні бір рет беру – өміріңізге балта шабуы мүмкін. Бұл – ұзақ мерзімге түрмеге қамалатын қылмыс», – деді Ерлан Өтегенов.
Киберқылмыс, әсіресе интернет-алаяқтықтың түрлері де прокурор назарынан тыс қалмады. Ол студенттерге банктің атынан келетін жалған қоңыраулар, фишингтік сайттар мен онлайн саудадағы алаяқтықтар туралы айтып, нақты мысалдар келтірді.
«Алаяқтар күн сайын жаңарып келеді. Сондықтан жеке деректерді ешкімге бермеңіз, әр әрекетіңізге сақ болыңыз», – деп ескертті ол.
Кездесу барысында есірткі және алаяқтықпен күреске арналған деректі фильмдер көрсетіліп, нақты оқиғалар негізінде түсіндірме жұмысы жүргізілді.
Жиын соңында прокурор заңды білу, құқықтық сауатты болу – әр азаматтың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басты құрал екенін ерекше атап өтті.
Студенттер кездесудің пайдалы әрі мотивациялық сипатта өткенін айтып, өздерін мазалаған сұрақтарға нақты жауап алғандарын жеткізді.