"Ферроқорытпа зауытындағы апат": тағы екі адам ауруханада қайтыс болды
- авторjambylinfo.kz
- 25 шілде, 2024
- 457
Қарағанды ауруханасында ферроқорытпа зауытында зардап шеккен тағы екі адам қаза тапты. Төрт науқас әлі де ауыр жағдайда, деп хабарлайды Jambylinfo.kz. Кazinform агенттігіне сілтеме жасап.
«Қарқынды реанимациялық іс-шаралар өткізілгеннен кейін Қарағанды ферроқорытпа зауытының тағы екі қызметкерінің өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. 1981 және 1987 жылы туылған науқастар есін жимастан қайтыс болды. Дәрігерлер олардың өмірін сақтап қалу үшін бар күш-жігеріп салып, күрескен болатын. Қаза тапқандардың жақын туыстарына шын жүректен көңіл айтамыз», - деп хабарлады Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Қаза болғандар – балқыту цехының механигі Адамчук Дмитро мен бас механик қызметінің шебері Төлеген Жетпісбаев.
Бірнеше сағат бұрын зауытта технолог болып жұмыс істеген 25 жастағы Ерұлан Қазкен қайтыс болған еді. Ал екі күн бұрын алған күйік салдарынан Музафар Исмаилов көз жұмған. Ол Қарағанды облысының Бұқар Жырау ауданындағы Үміткер ауылында жерленді.
YDD компаниясы жерлеуді ұйымдастыру, қонақ асын өткізу және мазар тұрғызу, ескерткіш орнату бойынша барлық шығыны өз мойнына алғанын, сондай-ақ қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына барлық қажетті қолдау көрсететінін еске салды.
Атап айтқанда, компания келесі міндеттемелерді өз мойнына алады:
- Отбасын қолдау үшін жылдық 10 жалақы мөлшерінде біржолғы төлем.
- Отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмектесу.
- Қызметкер мен оның жұбайының барлық несиесін толық өтеу.
Естеріңізге сала кетейік, 20 шілдеде Қарағандыда ферроқорытпа зауытының пешінде кенеттен жалын шықты. ТЖ салдарынан кәсіпорынның сегіз қызметкері зардап шекті. Олар Профессор Х.Ж.Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханаға жеткізілді.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасы бойынша қосымша медициналық көмек көрсету үшін Қарағандыға академик Н.Д.Батпенов атындағы Ұлттық Травматология және ортопедия ғылыми орталығының қызметкерлері келді.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз