Францияда "Цифрлық үзіліс": мектептерде гаджеттерге толық тыйым салынбақ
- авторjambylinfo.kz
- 11 сәуір, 2025
- 162

2024 жылдың қыркүйегінен бастап Франциядағы барлық колледждер мен мектептерде оқушылар таңертең телефондарын тапсырып, оларды тек сабақ аяқталғаннан кейін ғана қайта ала алады, – деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Францияның білім министрі Сенатта сөйлеген сөзінде, елдегі барлық мектептер толыққанды "цифрлық үзіліске" көшуі керек екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндағы мақсат – балалардың денсаулығы мен оқу үлгерімін қорғау.
Айта кетсек, Францияда 2018 жылдан бастап колледждерде телефон қолдануға тыйым бар. Яғни құрылғылар сөмкеде өшірілген күйде тұруы тиіс, тіпті үзіліс кезінде де пайдалануға болмайды. Алайда енді билік бұдан да қатаң шараны енгізуді көздеп отыр. Оқушыларды сабақ кезінде гаджеттерден толықтай оқшаулау.
Жаңа ереже сынақ ретінде жүздеген мектепте тексерістен өткен. Оқушылар телефондарын арнайы жәшіктерге немесе тек мектептен шығарда ғана ашылатын арнайы қаптарға салып қойған. Министрдің айтуынша, бұл тәсіл өз нәтижесін берген – мектептерде қорлау әрекеттері азайып, балалар бір-бірімен көбірек сөйлесіп, қозғалыс артқан, ал сабақтағы зейін де жақсарған. Бұл бастаманы ата-аналар да, мұғалімдер де қолдап отыр.
Сабақ кезінде телефон қолдану мәселесін бұған дейін ғалымдар да көтерген болатын. Сарапшылар 13 жасқа дейін балаларға смартфон ұстауға, ал TikTok пен Instagram секілді әлеуметтік желілерге 18 жасқа дейін кіруге тыйым салуды ұсынады. Зерттеу нәтижесі бойынша, жасөспірімдер күніне экран алдында орта есеппен 5 сағат өткізеді, ал кітаппен аптасына бар болғаны 3 сағат қана айналысады.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз