«Халық қатысатын бюджет» жобасы Таразда жүзеге асырылуда
- авторСадуақас Айсұлу
- 21 мамыр, 2025
- 221

2026 жылы Тараз қаласында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында төрт жоба іске асырылады, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жобаларды жүзеге асыру үшін қала тұрғындарының ұсыныстары мен бастамалары негіз болды. Өтінімдер Тараз қаласы әкімдігінің ресми сайтындағы «Халық қатысатын бюджет» атты арнайы электрондық парақша арқылы қабылданды.
Экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаевтың айтуынша, жоба аясында бұған дейін де бірқатар бастамалар жүзеге асырылған:
- 2022 жылы – Төле би көшесі, 11а мекенжайындағы жатақхана ауласына балалар ойын алаңы салынды;
- 2023 жылы – Ұлы Дала 15 мөлтек ауданындағы Түйте каналы абаттандырылды;
- 2024 жылы – Рахимов көшесі, №50-52 үйлердің маңына балалар ойын алаңы салынып, Байзақ батыр көшесі, №207а үйдің жанындағы алаң қайта жаңғыртылды.
Ағымдағы жылы тұрғындардан 17 жоба ұсынысы келіп түсті. Сараптамалық кеңестің сараптамасынан кейін талаптарға сай келетін жобалар әкімдіктің ресми интернет-ресурсында онлайн дауыс беру үшін жарияланды.
Қала тұрғыны Әсет Лесбай бұл жобаның қоғамға тиімділігі туралы пікір білдірді:
«Бұл жоба – тұрғындар үшін қолжетімді әрі ашық бастама. Ұсыныс беріп, дауыс беру мүмкіндігі бар. Мұндай жобалар қаламыздың көркеюіне үлкен үлес қосады. Жобаның ғұмыры ұзақ болсын, қаламыз гүлдене берсін!»
2026 жылы іске асырылатын жобалар
Онлайн дауыс беру нәтижелері және сараптамалық кеңес мүшелерінің ұсыныстары негізінде төмендегі жобалар бекітілді:
- Жамбыл даңғылы, №16/3 үйдің маңы – балалар ойын және көше тренажер алаңы салынады;
- Оңтүстік көшесі – футбол алаңшасы орнатылады;
- «Аса» шағын ауданы, №10 үйдің алды – балалар ойын алаңы салынып, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі;
- «Астана» шағын ауданы, №9, 10, 11, 12 және 30 үйлердің аулалары – футбол және жаттығу алаңдары салынады.