Интернет алаяқтары мен жастар: қауіп-қатерлер мен сақтану жолдары
- авторАяжан Дәулетбекқызы
- 3 желтоқсан, 2025
- 154
Заманауи технологиялар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналып, қоғамды толықтай цифрлық кеңістікке енгізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Алайда интернеттің мүмкіндіктері артқан сайын жаңа қауіптер де күшейіп отыр. Соның ішінде интернет-алаяқтық бүгінгі күннің ең күрделі және өзекті мәселесінің біріне айналған.
2025 жылы Қазақстанда интернет арқылы жасалған қылмыстар айтарлықтай артқан. ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика комитетінің дерегіне сәйкес, 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айлары аралығында интернет арқылы жасалған 20,4 мың қылмыстық іс тіркелген. Бұлөткен жылдың кезеңімен салыстырғанда 26,3% жоғары көрсеткіш.
Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша тіркелген істердің жартысына жуығы интернет арқылы жасалған әрекеттерге тиесілі. Барлығы 9 ай ішінде 36,1 мың іс тіркеліп, өсім 3,6% болған. Алайда аталған істерді ашу деңгейі өте төмен — интернет-алаяқтық фактілерінің тек 42,8%-ы ғана анықталған. Қашықтан жасалған қылмыстардың цифрлық ізі тез жойылатындықтан кінәліні табу қиынға соғады. Соған қарамастан тоқтатылған істер саны 70%-дан 53,9%-ға дейін төмендеген.
– 2024 жылдың 1 қарашасында Ішкі істер министрлігінде киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті құрылып, әр аймақта желтоқсан айында тергеу желісі бойынша бөлім және бөлімшесі ашылған болатын. Ал биыл қаңтар айында киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы ресми жұмысын бастады. Аталған басқарма заманауи құрал-жабдықтармен және қажетті ақпараттық жүйелермен қамтамасыз етілді. Атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесіне қарамастан республика көлемінде интернет-алаяқтық қылмысының өсуі байқалуда. Биыл полиция департаменті облыс прокуратурасымен бірігіп интернет-алаяқтықты жасау тәсілдерін ескере отырып «CyberShekteuTaraz» телеграмм-ботын әзірледі. Қазіргі таңда аталған бот арқылы интернеттегі қатерлі сілтемелер, алаяқтардың ұялы телефон нөмірлері, әлеуметтік желілер мен маркетплейстарда жалған жарнамалар секілді 500-ге жуық жаңсақ мәліметтер түсіп, оларды бұғаттау шаралары атқарылуда. Сонымен қатар облыстық полиция департаменті күнделікті жұмысында Ұлттық банктің «Антифрод орталығының» мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып келеді. Аталған орталыққа күдік тудырған 4 115 банктік есепшот туралы ақпарат жолданып, олардың 2 242-сі бұғатталды, ал қалғандары бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ телефонды қолдану арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстарының да өршіп тұрғандығын ескеріп, мамандарымыз «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен және байланыс операторларымен «Сим-бокс» құралдарын анықтауға арналған шаралар атқаруда. Бірлесіп атқарылған жұмыстар нәтижесінде Тараз қаласы аумағынан қылмыскерлерге әртүрлі нөмірлерден қашықтықтан байланысу мүмкіндігін беретін 128 слоттық «Сим-бокс» анықталып, күдікті қамаққа алынып, оған қатысты тергеу жүргізілуде. Қазір интернет-алаяқтарға қылмыс жасауға көмектескен, яғни қаражаттарды есепшоттардан шешіп берген немесе біреулерге өз есепшоттарын пайдалануға берген азаматтардың (дропперлер) жауаптылығы күшейтілуде, – деген Уалихан Сәмбетұлы 2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қылмыстық кодекске жаңа 232-1 бап енгізілгенін жеткізді.
Ұлттық банк жанынан құрылған «Антифрод орталығының» жұмысы нәтижесінде соңғы 10 айда 60 мыңнан астам заңсыз операцияның жолы кесіліп, 2,5 млрд теңге көлеміндегі шығын алдын алынған. 2025 жылдың 9 айында алаяқтықтан келген жалпы шығын 116,9 млрд теңгеге жеткен. Оның ішінде интернет-алаяқтықтың үлесі — 8,3 млрд теңге. Шығынның тек 37,1%-ы ғана өтелген.
Біздің өңірде де киберқылмыс деңгейі алаңдатарлық. 10 айда интернет-алаяқтық деректері 213-тен 644-ке, ал ауыр санаттағы қылмыстар 71-ден 279-ға дейін көбейген. Облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Уалихан Ағыбаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес алаяқтықтың алдын алу бойынша кешенді шаралар атқарылып жатқанын айтты.
2024 жылы ІІМ-де Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті құрылып, 2025 жылдың қаңтарында облыстық басқарма өз жұмысын ресми бастаған. Басқарма заманауи құрал-жабдықтармен қамтылып, қылмыстарды ашу сапасын арттыруға бағытталған үйлестіруші шаралар қолға алынған.
Полиция мен прокуратура бірлесіп әзірлеген «CyberShekteuTaraz» телеграм-боты арқылы күмәнді сілтемелер, жалған жарнамалар және алаяқ нөмірлер туралы 500-ге жуық хабарлама түсіп, тиісті шаралар қабылданған. Сонымен қатар 4115 күдікті банктік шот тіркеліп, олардың 2242-сі бұғатталған. «Қазақтелеком» және байланыс операторларымен бірлескен жұмыс нәтижесінде Тараз қаласынан 128 слотты «Сим-бокс» табылып, күдікті ұсталып, тергеу жүргізілуде.
2025 жылдың 16 қыркүйегінде Қылмыстық кодекске енгізілген жаңа бап банктік шотқа рұқсатсыз қолжетімділік беру немесе төлемдерді заңсыз жүргізу сияқты әрекеттер үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Қыркүйектен бастап кепілсіз онлайн-қарыздар беру кезінде «салқындату кезеңі» енгізілді. Бұл азаматтарды асығыс шешімдерден және алаяқтық схемалардан қорғау тетігі болып табылады. Уалихан Ағыбаев тұрғындарға өз есепшоттарын бөгде адамдарға бермеуге, телефон арқылы келген талаптарды тексеруге және күмәнді қоңырауларды «Cyberpol» тобы арқылы растауға кеңес береді.
Облыстық полиция аудиохабарламалар, брошюралар, қоғамдық көліктегі ескерту жазбалары және кинотеатрлардағы бейнематериалдар арқылы халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруда.
2025 жылдың алғашқы жарты жылдығында облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінде қаржы пирамидасы мен заңсыз ойын бизнесіне қатысты 6 іс тіркелген, соңғы 3 жылда 200-ден астам азамат зардап шеккен. Былтыр 3014 заңсыз сілтеме бұғатталған, биыл 6 айда 2000-нан астам сілтеме жойылған. «Күнделікті табыс» және «Жұмыс тобы» атты ірі чаттар жабылған, ЖОО-ларда «Цифрлық гигиена» бойынша семинарлар өткізу кеңейтілген.
Руслан Касимов құқықтық мәдениеті дамыған қоғамда алаяқтарға алдану деңгейі төмен болатынын атап өтті. «Цифрлық гигиена» ережелерін сақтау жеке ақпарат пен қаржының басты қорғаны. Ол күрделі құпиясөздер қолдану, қос факторлы аутентификация, бағдарламаларды жаңартып отыру, бейтаныс Wi-Fi-дан сақтану, балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қадағалауды ұсынады.
Интернет-алаяқтық — бүгінгі күннің қауіпті тенденцияларының бірі. Сандық әлемде қауіпсіз болу үшін азаматтардың сауаттылығы, құқық қорғау органдарының үйлесімді жұмысы және қоғамның ортақ жауапкершілігі аса маңызды. Киберқауіптерден сақтанудың ең тиімді жолы — әр адамның саналы әрекеті мен сақтығы.





