сенбі, 28 желтоқсан, 2024 0:18

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Инвестициялық әлеуеті артқан өңір

Инвестициялық әлеуеті артқан өңір
ашық дереккөз
Өңірде өндіріс ошақтарын дамытып, кәсіпкерлікке кең өріс ашу, инвестиция тарту ісі маңызды міндеттердің бірі саналады. Бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін оңтайландырып, аймақтардағы тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарды жүйелей түсетіні белгілі.

 Аталған бағыттағы кешенді жұмыстар легі Сарысу ауданында да жүзеге асуда. Бұл туралы аудан әкімі Сәкен Мамытов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында айтты.

Алғашқы жартыжылдықты қорытындылаған аудан басшысы аймақта жыл басынан бері әлеуметтік-экономикалық дамудың оң көрсеткіштері қалыптасып отырғандығын жеткізді.

– Облыс әкімдігінің аудандар бөлінісінде бекіткен индикаторлық көрсеткішке сәйкес, биыл ауданға 64 миллиард 83 миллион теңге инвестиция тарту жоспарланған. Осы мақсатта ірі кәсіпорын басшыларымен келіссөздер жүргізіліп, 2024-2026 жылдары аралығын қамтитын 598 миллиард теңгеге ірі төрт жоба іске асуда. Атап айтқанда, қаңтар айында Шоқпар жел электр станциясы іске қосылып, «ЕвроХим-Қаратау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі химиялық кешенінің, «QazaqSoda» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кальцийлендірілген сода өндіру зауыты мен «Kazchemtrading» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі цемент зауытының құрылысы жүргізілді. Ірі кәсіпорындарда барлығы 2 494 адам жұмыс істесе, оның 90 пайызы жергілікті азаматтар, – деді аудан әкімі.

Бұдан бөлек, аудан басшысы алдағы уақытта кәсіпорындар демеушілігімен аймақта бірқатар әлеуметтік жобалардың жүзеге асатындығын жеткізді. Оның сөзінше биыл ауданда ірі кәсіпорындар демеушілігімен 193 миллион теңгеге бірқатар жобаны іске асыру жоспарлануда.

– Өткен жылы кәсіпорындармен 61 миллион теңгеге демеушілік жасалды. Соның ішінде, «Qazaq soda» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен Саудакент ауылына стадион салынды. Жыл соңына дейін «Жарас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі есебінен «Бүркітті» көпірін жөндеу жоспарланса, «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені Жаңатаста бес жерден скважина қазады деп күтілуде. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында ірі жобаларды іске асыруға, әлеуметтік-мәдени бастамаларды жандандыруға кәсіпорындарды тарту шаралары жалғаса береді, – деді Сәкен Үмбетұлы.

Сарысу ауданы бүгінгі таңда екі бағытқа басар назар аударып, аудан экономикасын сол салалар есебінен арттыруда. Олардың бірі – фосфор өндірісі болса, екіншісі – ауыл шаруашылығы саласы. Аудан әкімінің сөзінше, аймақта ауыл шаруашылығын дамыту бойынша «Кең дала» бағдарламасымен 101 миллион теңгеге 17 шаруашылық қаржыландырылған. Ал, «Кең дала-2» бағдарламасына жыл басынан бері 26 шаруа қожалық 184 миллион теңге несие алуға ниет білдірген. Сондай-ақ, облыста алғаш болып Сарысуда бастау алған «Ауыл аманаты» жобасы алты ауылдық округте жүзеге асып, бастама аясында 700-ге тарта жеке кәсіпкер тіркелген. Нәтижесінде мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылып, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 154 отбасыдан 28 отбасыға төмендеген.

Жиын соңында әлеуметтік-инфрақұрылымдық бастамаларға тоқталған Сәкен Мамытов ауданның даму жоспарына сәйкес алдағы уақытта да жүйелі жұмыстар жалғасын табатындығын жеткізді.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар