Өңірдің еңбек нарығындағы жағдай
Еңбек нарығында әлеуметтік-экономикалық ахуалға, сұранысқа, заман талабына қарай өзгерістер болатыны сөзсіз. Егер жаңашылдықтың пайдасы көл-көсір болса, біз соған мейлінше бейімделіп, қолдау көрсетуіміз қажет.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда еңбек нарығындағы өзгерістерге қарай цифрлы экономиканың рөлі арта түсетінін айтты. Шынында да, платформалық жұмыспен қамту жүйесіне қызығатындар көп. Президент осы секторда қазірдің өзінде жарты миллионнан аса адам жұмыс істейтінін атап өтті. Бірақ мұнда да мәселе бар. Осы секторда еңбек ететін азаматтардың еңбек құқықтары толық қорғалмаған. Енді осы санаттағы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудың нақты тәсілдері пайда болып, платформалық жұмыспен қамту мәселесі біршама реттеледі деп үміттенеміз. Еңбек нарығында жұмысшы мамандардың көкейінде жүрген тағы бір мәселе – еңбек дауы. Еңбек дауы өндірісте оқыстан жарақат алған жұмысшы мен өндіріс басшылығы арасында да жиі туындайды. Бұл ретте Президент еңбек тұжырымдамасының нақты қашан қабылданатынын хабарлады.
«Үкімет 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын осы жылдың соңына дейін қабылдауға тиіс. Бұл құжат жұмыс орнындағы кәсіби сын-қатерлердің алдын алуға және жоюға бағытталуы керек.
Менің тапсырмаммен Үкімет зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген адамдарды әлеуметтік қолдау тетіктерін әзірледі. Бұл бұрыннан талқыланып жүрген мәселе болатын, енді шешімі табылды. Оның мынадай өлшемдері бар. Жұмысшылардың осы саланы дамытуға сіңірген еңбегі және денсаулығына зиян келгені ескеріле отырып, оларға зейнет жасына толғанға дейін, атап айтқанда, 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем төленеді. Парламенттен Үкіметтің ұсыныстарын жедел қарауды сұраймын. Азаматтар осы мәселе шешімін табады деп күтіп отыр», деді Мемлекет басшысы.
Еңбек нарығына қатысты Президент айтқан мәселелер реттелсе, бұл – жұмысшы мәртебесінің биіктеуіне оң әсер етеді. Сөйтіп, отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл, жанашыр ұрпақ қалыптастыруға да белгілі бір деңгейде әсер етеді. Тағы бір жағымды жаңалықты тілге тиек етсек, келер жылы қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеге көтеріледі. Бұл – азаматтардың табысы артады деген сөз. Еңбекақының ең төменгі мөлшері үш жыл ішінде екі есе көбейгенін ескерсек, сәтті қадам 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді екен.
Президент еңбек нарығын жан-жақты дамыту үшін Үкіметтің қысқа мерзімде 2030 жылға дейінгі кешенді жоспар бекітуі керегін айтты.
Расында, қарапайым жұмысшылардың құқығын қорғаудың маңызы зор. Еңбек қатынастарын реттеу мәселесі қай кезде де өзектілігін жойған емес. Өңірдегі мыңнан аса кәсіпорында қызмет атқарып жүрген қарапайым азаматтардың жалақысы көңіл көншіте ме? Олардың еңбекақысын арттыру бойынша нақты қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
«Осы жылдың 9 айында атқарылған жұмыс қорытындысына зер салсақ, оң нәтиже қалыптасқанын байқаймыз. Ресми ақпаратқа сәйкес жыл басынан бері облыстың 1 268 кәсіпорнында 22 073 қызметкердің жалақысы орта есеппен 19,1 пайызға көтерілген. Нақты атап айтар болсақ, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Қазфосфат» ЖШС өзіне қарасты филиалдардағы барлық қызметкерінің жалақысын 50 мың теңгеге, ал 1 маусымнан 30 мың теңгеге көтерді. Сондай-ақ 2024 жылдан бастап шынайы инфляция құнын ескере отырып, жалақыға қосымша жыл сайын қосылып отырады», дейді облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жарылқасын Айтақов.
Басқарма басшысы келтірген дерекке жүгінсек, «ЕвроХим» ЖШС қаңтар айынан бастап қызметкерлердің тарифтік төлемақысын 12,2 пайызға көбейткен. Сондай-ақ тоқсандық сыйақыны 25 пайыздан 40 пайызға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
«Бұған қоса «Таразэнергоорталық» АҚ-да осы жылдың 1 қаңтарынан бастап жылу энергиясы бойынша көрсетілетін қызметтің тарифі 17 пайызға өсіп, жұмысшылардың жалақысы 10 пайызға көтерілді. Сондай-ақ «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС, «1000-Арал» ЖШС және «Мыңарал компания» ЖШС осы жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысшылардың айлық жалақысын 20 пайызға, «Тараз қант зауыты» ЖШС 10 пайызға арттырды. Бейресми жұмыспен қамтылған 1 159 жұмыс берушінің қарамағындағы 3 622 қызметкердің еңбек қатынастары заңдастырылып, көлеңкелі экономикадан шығарылды», дейді Ж.Айтақов мәселенің мәнісін түсіндіріп.
Оның айтуынша, еңбек нарығын цифрландыру жұмыстары сәтімен іске асырылып жатыр. Сондай-ақ E-HR жүйесіне еңбек шарттарын енгізу жұмысы да біріздендірілген. Ілгеріде 185 057 жұмысшының еңбек шарты енгізілмеген болса, оның 161 800-нің еңбек шарты ақпараттық жүйеге енгізіліп, нақты көрсеткіш бүгінде 87 пайызды құрап отыр.
«Бізбен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп жүрген әлеуметтік әріптестеріміз облыстық кәсіптік одақтар орталығы мен облыстық жұмыс берушілер одағының да еңбегі зор. Әсіресе әлеуметтік-еңбек қатынастары жөніндегі үшжақты комиссия арқылы көптеген мәселе оң шешімін тауып жатыр. Біздің мақсатымыз – еңбек заңнамасының бұзылуына байланысты әкімшілік шаралар қабылдау емес, керісінше қалыптасқан ахуалды шиеленістірмей, алдын алу. Келіссөздер жүргізу, әлеуметтік жауапкершілік шаралары арқылы және татуластыру тетіктері арқылы проблеманы шешу жұмыстары оң нәтиже бере бастағаны көңіл қуантады. Барлық деңгейдегі әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның жұмысына тоқталсақ, жыл басынан бері 6 облыстық, 82 аудандық және қалалық комиссиялардың отырысы өтіп, 128 жұмыс берушінің есебі тыңдалып, 1 381 қызметкердің құқығы қорғалды. Үшжақты комиссия мен дағдарысқа қарсы штаб отырыстарында жұмысшылардың жалақысын көтеру, жазатайым оқиғалардың алдын алу мәселелері, жалақының толық төленуі және басқа да көптеген мәселе бойынша кәсіпорын басшыларының есебі тыңдалып, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұрады», дейді Ж.Айтақов.
Басқарма басшысының айтуынша, еңбек ұжымдарында қызметкерлердің жарақат алуының алдын алу мен азайту мақсатында 156 іс-шара ұйымдастырылыпты. Сондай-ақ әлеуметтік желілер мен БАҚ-та тиісті деңгейде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі екен.
Шыны керек, өткен жылдың екінші жартысында бірқатар кәсіпорын басшылары жалақының аздығын айтып шағымданған еді. Еңбек инспекциясы басқармасы тарапынан атқарылған жұмыстың нәтижесінде аталған кәсіпорын қызметкерлерінің еңбекақысы едәуір артқаны көңіл қуантады. Ең бастысы, жауапты басқарма тарапынан жұмысшылардың құқығын қорғау бойынша нақты жұмыстар атқарылып жатқаны көкейге қонады.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала