сенбі, 31 мамыр, 2025 17:44

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Іскерлік пен ізгілік: Фарида Жүнісованың табыс жолы

Іскерлік пен ізгілік: Фарида Жүнісованың табыс жолы
Ашық дереккөз
Республика өмірінде әйелдердің алатын орны күн өткен сайын артып келеді. Қоғамның әр саласында ер-азаматтармен қатар еңбек етіп, табандылығы мен қажырлылығын көрсетіп жүрген әйелдердің қатары көбейіп келеді. Әйелдің қоғамдағы рөлі жайлы көп айтылып жүргенімен, нағыз жанқияр еңбекпен елге пайдасын тигізіп жүрген жандарды үлгі ету – әрдайым маңызды. Осы мереке қарсаңында біз қоғамның дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар әйелдердің өмір жолына үңіліп, олардың еңбегі мен ерік-жігерін көрсетуге тырыстық.

Солардың бірі – «Әулиеата – Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің негізін қалаушы, белгілі кәсіпкер әрі облыстық мәслихат депутаты Фарида Жүнісова. Салық төлеу, жұмыс орындарын ашу, экономикалық белсенділік сынды көрсеткіштер бойынша өңір дамуына елеулі үлес қосып жүрген ол – бүгінгі таңда ел үмітін арқалаған халық қалаулысы. Депутат ретінде қоғамдағы маңызды мәселелерді көтеріп, жұртшылықтың аманатын билікке жеткізіп жүрген Фарида Амансарықызының тұлғалық қалыптасуына отбасы тәрбиесі мен өскен ортасы айтарлықтай әсер еткен.

– 1969 жылы Сарысу ауданының Жайлаукөл ауылында дүниеге келдім. Өзім үш баланың анасымын, екі қызым, бір ұлым бар. Үлкен қызым тұрмыста, Алматы қаласында тұрады. Ортаншы қызым мен ұлым да Алматыда студент. Атам мен анам сауда-саттық саласында еңбек етті. КСРО дәуірінде олар спорт тауарлары қоймасында жұмыс істеді. Әкем Сарысу ауданында экспедитор қызметін атқарып, кейін Тараз қаласында еңбек етті. Анам бастапқыда бала күтімімен айналысып, кейіннен сауда саласында қызмет етті. Балалық шағым негізінен нағашы жұртымда өтті. Үйдегілер кішкентай кезімде нағашыларымның қолына беріп, мен Жамбыл ауданы, Куйбышев кеңшарында (қазіргі Тастөбе ауылы) тәрбиелендім. Осы ауылда тоғызыншы сыныпқа дейін оқып, кейін Тараз қаласындағы Ибрай Мүсүліменов атындағы №37 мектепті тәмамдадым. Орта білімнен кейін Тараз қаласындағы есеп-статистика техникумына оқыға түсіп, осы оқу орнында 1987-1989 жылдар аралығында білім алдым. Кәсіпкерлікке келу жолым да бірден қалыптаса қойған жоқ. Бухгалтерлік есеп мамандығы бойынша техникумды бітірген соң, Жамбыл ауданынның тұтынушылар одағына қарасты дүкенде меңгеруші болып жұмыс істедім. Жоғары оқу орнын тұрмыс құрғаннан кейін Павлодар қаласында жалғастырдым. 1994-1995 жылдары елдегі экономикалық өзгерістерге байланысты көптеген кәсіпорындар тарап, халық сауда-саттыққа бет бұрды. Павлодар қаласында жүріп мен де жеке кәсіпке бет бұрып, сол жақта зауыт аштым. Себебі заман ағымы тұрақты әрі болашағы бар кәсіп ашу керектігін ұқтырды. 2011 жылы ет бағытындағы құс фабрикасын іске қосу мақсатында туған жеріме қайта оралдым. Осы оймен түрлі көрмелерге, семинарларға қатысып, өңірдегі бизнес мүмкіндіктерін зерттей бастадым. Сол кезде өңірде бос тұрған, пайдаланусыз қалған құс фабрикаларының көп екенін байқадым. Өзімнің екі жоғары білімім де бухгалтерлік есеп және аудит саласымен байланысты болғандықтан, нарыққа терең талдау жүргізіп, аймақта құсшаруашылығын дамытуға мүмкіндік бар екенін түсіндім. Осылайша, Жамбыл ауданы6 Мырзатай ауылында сатылымға шыққан құс фабрикасы туралы ақпаратты естіп, нысанмен танысып, оның мүмкіндіктерін бағаладым. Жобаның болашағы зор екенін іштей түйсініп, фабриканы сатып алу туралы шешім қабылдадым, – дейді ол.

Бастапқыда жұмыртқа бағытында жұмыс бастағысы келгенімен, жергілікті билік ет бағытындағы фабрика ашуды ұсынып, бұл бастама іске асады. Кәсіпкер шетелдік және отандық фабрикалардың жұмысын зерттеп, қажетті жабдықтар мен технологияларды мұқият саралайды. 2015 жылы қуаттылығы 3,5 мың тонна болатын алғашқы құс фабрикасын іске қосады. Кейін бұл көрсеткішті 8 мың тоннаға, ал 2024 жылдың соңына қарай 12 мың тоннаға дейін арттырады.

Фабрика қазіргі таңда Байзақ ауданындағы Мырзатай ауылында орналасқан. Бройлер етін өндіруге бағытталған бұл кәсіпорында бүгінде 247 адам жұмыс істейді. Жалақы көлемі орта есеппен 185-195 мың теңгені құрайды. Қызметкерлерге арналған әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, әр ай сайын жұмысшыларға 20 келі құс еті тегін беріледі, арнайы көлік қатынасы мен тегін тамақпен қамтылған. Сондай-ақ кәсіподақ ұйымы арқылы жолдамалар мен сыйлықтар да беріледі. Қызметкерлердің 60 пайызын нәзікжандылар құрайды, жұмыс күшінің басым бөлігі – жақын маңдағы ауыл тұрғындары. Ал жоғары білікті мамандар басқа қалалардан шақырылған.

Өңір кәсіпкерлігінің дамуына қосқан үлес

Фарида Амансарықызы өңірдегі кәсіпкерлікке де оң көзқарас танытады. Оның айтуынша, Жамбыл облысында аграрлық сала қарқынды дамып келеді. Қант қызылшасы, жүгері, пияз секілді дақылдардың өнімділігі артып, шаруалар жаңа технологияларға ден қойған. Сонымен қатар, индустриялық аймақтарда жүзеге асып жатқан жобалар да ел экономикасына оң әсер етуде.

Қорытынды

Фарида Жүнісованың өмір жолы – еңбекпен келген табыстың, табандылықпен жеткен жетістіктің жарқын үлгісі. Оның кәсібі арқылы тек экономикалық пайда емес, қоғамға да пайда әкеліп отырғаны сөзсіз. Іскер әйелдің еңбегі – жастарға, әсіресе қыз-келіншектерге үлгі болары анық.

 

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар