Көкшетаудағы жылу қазандығын жөндеу үшін Үкіметтен қаржы бөлінді
- авторСадуақас Айсұлу
- 25 сәуір, 2025
- 236

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инженерлік инфрақұрылымды жаңарту және жылу көздерінің тозуын азайту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында, Үкімет резервінен Ақмола облысы, Көкшетау қаласындағы жылу көзін жөндеуге шамамен 1,1 миллиард теңге бөлінді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Құжатта көрсетілгендей, 2025–2026 жылдарға арналған жылыту маусымына дайындықты қамтамасыз ету және осы кезеңде жылусыз қалмау үшін Көкшетау қаласындағы №2 аудандық қазандықта (АҚ-2) жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл мақсатқа бөлінген қаражат Ақмола облысының бюджетіне аударылады.
Аталған қаржы «Көкшетау жылу» кәсіпорнының автоматтандырылған басқару жүйесін, бақылау-өлшеу құралдарының далалық деңгейін, тозаң көмірмен жұмыс істейтін қазандықтың автоматикасын жаңартуға, сондай-ақ қазандық агрегатының қыздыру беттері мен ауа жылытқыш текшелерін және тозығы жеткен құрылғыларды жөндеуге және ауыстыруға бағытталады.
Еске салсақ, Көкшетау қаласы №1 (мазутпен) және №2 (көмірмен) аудандық қазандықтар арқылы жылумен қамтамасыз етіледі. Негізгі жылу көзі – тозаң көмірмен жұмыс істейтін №2 қазандық. Қаладағы жылу желілерінің ұзындығы – 188,7 км, оның ішінде 51 км – магистралдық, 137,7 км – орамішілік. Көп бөлігі 1977 жылдан бері пайдаланылып келеді.
2024 жылы Үкімет резервінен бөлінген қаражат есебінен 6 шақырымдық магистралдық желі жөнделіп, №2 және №3 қазандық агрегаттарына жаңарту жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде тозу деңгейі 45%-дан 43%-ға төмендеді, ал апаттар саны 62-ден 47-ге дейін қысқарды.