Жаңалықтар
Кәсіпкерлер Тимур Құлыбаевқа өз проблемалары туралы айтты
- авторjambylinfo.kz
- 18 наурыз, 2021
- 261
Кәсіпкерлер Тимур Құлыбаевқа өз проблемалары туралы айтты
Екі күн бойы «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы бизнесмендермен онлайн режимде сұхбаттасты. 60-тан астам түйткілді мәселе келіп түсті. Мәселелердің басым бөлігі АӨК, салық салу, сатып алулар, жергілікті қамту салаларына қатысты.
Өткен жылдың күзінде Төралқа Төрағасы осындай кездесулер легін өткізді. Өңірлердегі 95 түйткілді мәселе үкіметке жолданды, ары қарай кәсіпкерлерді қолдау шараларының пакеті құрылды.
«Бүгін ҰКП Басқармасы бизнесті қолдауға қажет қосымша шараларды талқылап жатыр. Облыстардағы дирекциялармен үнемі байланыстамыз, бірақ өңірлік кеңестермен талқылау өткізіп, бизнес пандемия мен карантинге төтеп беруі үшін қосымша қандай мәселелерге көңіл бөлу қажеттігін анықтап алғымыз келеді, – деп атап өтті Тимур Құлыбаев.
Кәсіпкерлерден түскен мәселелердің үлкен ауқымы агроөнеркәсіптік кешен, мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы салаларына қатысты. ШҚО мал өсірушілері өңірде ветеринарлық қызметтер мен ветеринарлық қауіпсіздіктің материалдық-техникалық тұрғыда осал жабдықталуын, Алматы облысы және Ақтөбе облысының шаруалары жем-шөпті субсидиялауды көтерді. «Аlma Jabagly» ЖШС директоры Мақсат Әбдікәрімов Түркістан облысында көктемді дала жұмыстары басқа өңірлерден гөрі бір-екі ай бұрын басталатынын еске салды. Наурыз айында қырықабаттың алғашқы өнімі жиналады.
«Біз ерте пісетін қырыққабатты егеміз, ал қаржы мекемелері тарапынан несиелер жыл сайын наурыз бен мамыр аралығында ғана беріледі, демек ерте пісетін көкөністерге қаржыландыру қарастырылмаған. Сондықтан шаруалар қаңтар-ақпанда екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарынан пайыздары жоғары (жылдық 20-50%) тұтынушылық несиелерді алуға мәжбүр», – деді Мақсат Әбдікәрімов.
Бұл ретте «Агро несиелеу корпорациясы» АҚ мамандары несиелеуде ҚР Ауыл шаруашылығының нормативіне сілтейді, бұл норматив 1 га жерге 500 мың теңгені қарастырады. Ал іс жүзінде ерте пісетін қырыққабатты өсіруге кететін шығын 1 гектарға 1,3 млн теңгені құрайды, жетіспейтін соманы шаруалар екінші деңгейлі банктерден алуға мәжбүр.
Алматы кәсіпкерлері тауарларға жөнелтпе құжаттарға назар аудартты Қазақстан кәсіпкерлері форумы төрағасының орынбасары Берік Зайыровтың айтуынша, бизнес есептік бағдарламаларды енгізуге дайын емес. Бұған қоса, тауарларға жөнелтпе құжатты рәсімдеуде техникалық олқылықтар әлі де шешімін таппаған.
«100 позицияға 1 ТЖҚ (тауарға жөнелтпе құжат) рәсімдеуге бірнеше сағат жұмсалады, ал қателіктер шықса онда бір күн кетеді. Сонымен қатар 328 салық формасымен әр тауар бойынша расталған ТЖҚ-ларды қолмен салыстыру қажет етіледі. Бағдарлама қол жұмысынсыз ТЖҚ және 328 формасын өзі салыстырғаны қажет», – Берік Зайыров.
Павлодарлық кәсіпкерлер ҚҚС төлеуші статусына өту процесін автоматтандыруды ұсынды.
«Кейде ҚҚС төлемеушілер қатарына жататын шағын кәсіпкерлік субъектісі соманың шекті көрсеткішін асырып жатады да айыппұлға ілігеді. Осы процесті автоматтандыру арқылы адами факторды жоюды ұсынамыз. Яғни егер бизнес субъектісі шекті соманы асыратын болса, бағдарлама оны автоматты түрде ҚҚС төлеуші санатына қойып (ауыстырып), салық төлеушінің жеке кабинетіне хабарлама жібереді», – деді «Дильназ» ЖК жетекшісі Жанара Ахметова.
Кәсіпкерлер несиелер бойынша борыштардың өсіп келе жатқанына алаңдаушылық білдірді. Көптеген жеке кәсіпкер кәсібін сақтап қалу үшін тұтынушылық несие алуға мәжбүр. Мөлшерлемелері тым жоғары, жылдық 20%-дан артық. Тұтынушылық несиелер мемлекеттік қолдау шарасына ілікпейді: субсидияланбайды және қайта қаржыландырылмайды. Жаңа келген және жұмыс істеп жатқан қызметкерлер еңбек шартын рәсімдемеуді, ал айлықты банк шотына аудармай төлеуді сұрап жатқан жағдайлар жиілеп кетті, өйткені тұтынушылық несиелер бойынша қарыздары бар.
«Қарызға батқан адамдар ресми еңбекақыны коллекторлар мен сот орындаушылары алып алмауы үшін «конвертте» төлеуді сұрайды. Осылайша кәсіпкерлер жұмыспен бейресми қамтылған және жұмыссыз азаматтардың санын арттырып, сұранысқа ие кадрларды сақтап қалуға мәжбүр. Ары қарай олар несиелерді төлей алмайды, төлемеуі де ықтимал, өйткені көбі тығырыққа тірелген», – деді «Кассанжар» ЖШС директоры Жанатбек Сарғалдақов.
«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы биыл халықтың жұмыспен қамтылуы және әлеуметтік жай-күйі басымдыққа алынуы керек деп санайды.
«Өткен жылы локдаун салдарынан 430 мыңнан астам кәсіпорын қызметін тоқтатты. ҰКП жүргізген сауалнама нәтижесі табыстан айырылған компаниялар өндірісті орта есеппен 11 пайызға оңтайландырғанын көрсетті. Демек, осы кәсіпорындардың қызметкерлері жұмыссыздар қатарын толықтырған, бізге нәтижелі жұмыспен қамту мәселесін қолға алу қажет. Жалпы, біз дер кезінде әрекет етіп, елдегі бизнесті қолдау бойынша Үкіметке тиімді шараларды ұсына алуымыз үшін өңірлік палаталар мен дирекцияларға кәсіпкерлер арасындағы тұрақты негізде сауалнама жүргізіп отыру қажет», – деді Тимур Құлыбаев.
Бизнесмендер сондай-ақ, туризм, мемлекеттік шекараны өту, транзиттік тасымал, шетелдік жұмыс күшін елге кіргізу, ЕАЭО нарығында жұмыс істеу, құрылыс саласында отандық тауар өндірушілерді қолдау және басқа да мәселелерді көтерді.
Кәсіпкерлер айтқан проблемалар негізінде «Атамекен» ҰКП жуық арада Үкіметтің қарауына қолдау шаралары мен түйткілді мәселелерді шешу бойынша ұсыныстарды дайындайды.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала