Заманауи қоғамдағы мәдениет һәм рухани құндылықтар
- авторАрайлы Жақсылық
- 16 маусым, 2025
- 213

15 маусым – халықаралық Әкелер күніне орай Тараз қаласындағы «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында ерекше мазмұнды, тәрбиелік маңызы зор отбасы фестивалі өтті. «Әке – отбасының тірегі, баласының жүрегі» атауымен ұйымдастырылған бұл іс-шараның мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу, әке мен бала арасындағы рухани байланысты нығайту және қоғамдағы әке рөлінің маңызын арттыру.
Шараны Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы Исмайл Хаджымұратов ашып, жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде әке тұлғасының отбасы мен қоғамдағы орны туралы тағылымды ой қозғап, тәрбиенің негізі отбасынан басталатынын, ал әкенің баланың өміріндегі рөлі – тек материалдық қамтамасыз етуші ғана емес, рухани тірек екенін ерекше атап өтті.
Фестивальге орталықтағы түрлі үйірмелерге қатысып жүрген қыз балалар мен олардың ардақты әкелері арнайы шақырылды. Ерболат Жақыпбекұлы мен қызы Нұрсая, Дәурен Қайратұлы мен қызы Айару, Айбек Мұхитұлы мен қызы Ләйлім, Мақсат Тұрысбайұлы мен қызы Ханшайым сахна төрінде шынайы әке-қыз қарым-қатынасының көрінісін көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Олар сахнада бір-біріне жылы лебіздерін арнап, ортақ тапсырмаларды бірге орындады.
Шара барысында қатысушылар үшін әке мен бала арасындағы жақындықты арттыруға бағытталған танымдық әрі көңілді психологиялық ойындар ұйымдастырылды. Орталықтың психологы Еркеназ Рахатқызы жүргізген ойындар қатысушыларды ерекше әсерге бөлеп, олардың арасындағы сенім мен түсіністікті тереңдете түсті. «Әкем мені қаншалықты таниды?» ойыны қызы туралы әкесінің қаншалықты білетінін анықтаса, «Мен және менің әкем» атты ойында сөйлемді бірге аяқтау арқылы ой мен сезім үндестігі байқалды. Ал «Бірге сурет салайық» шығармашылық ойынында әке баласының арқасына сурет салып, қызы сол бейнені қағаз бетіне түсіріп, нәтижесінде туындылар көпшілік алдында қорғалды. Бұл ойындар бір жағынан көңілді сәттер сыйласа, екінші жағынан терең тәрбиелік мәнге толы болды. Әкелердің қыздарына деген мейірімі мен қамқорлығы, қыздардың әкелеріне деген сенімі мен сүйіспеншілігі ерекше әсерге бөледі.
Фестиваль барысында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншілері А.Есекеева мен Б.Тұрғанбай орындаған жүрек тебірентер әндер кештің сәнін келтірді. Көрермендер әсерлі өнерге қошемет білдіріп, рухани серпіліс алды.
Іс-шара соңында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын Қайырбек Асанов пен орталық директорының орынбасары Баян Мұртазаева қорытынды сөз сөйлеп, қатысушыларға алғыстарын білдірді. Ақын шараға қатысқан әкелер мен қыздарға өзінің жаңа жарық көрген «Махаббат. Шапағат. Парасат» атты үш томдық жинағын сыйға тартып, әр кітапқа арнайы қолтаңба жазып берді.
Осы бір жүрекке жеткен, әсерге толы іс-шара – тек мерекелік көңіл-күй ғана емес, шынайы байланыстың, ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың айқын көрінісі болды. Әкелер күні аясындағы бұл фестиваль отбасындағы сенімділік пен түсіністікті арттырып қана қоймай, қоғамдағы әке рөлінің маңызын тереңінен ұғындырды. Бүгінгі күн – жүректен шыққан ықылас пен шынайы мейірімнің, ұрпақ тәрбиесіне қосылған тағы бір парасатты үлестің бастауы болды.
ҰБТ: ережені бұзған 212 адамның нәтижесі жойылды
Ұқсас жаңалықтар
Алматыда шетелдік компанияларды бопсалаған хакер ұсталды
- авторАрайлы Жақсылық
- 26 шілде, 2025
Германия Қазақстан бағытындағы әуе қатынасын уақытша шектейді
- авторАрайлы Жақсылық
- 26 шілде, 2025