Әкімдер сайлауы туралы ашық әңгіме
Nur Otan партиясы жанындағы Азаматтық қоғамды дамыту және мемлекеттік басқару жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу, сондай-ақ ауылдар мен ауылдық округтер әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу мәселелері талқыланды. Оған саяси партиялардың, ірі үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, саясаттанушылар мен сарапшылар қатысты.
Кеңес азаматтық қоғам мен мемлекеттік басқаруды дамытудың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар әзірленетін бірегей алаң болып саналады. Оның міндеттері – партияның сайлауалды бағдарламасының іске асырылуына, Жол картасы индикаторларының орындалуына мониторинг жүргізу және бақылау, сондай-ақ саяси диалог мәдениетін дамытуға және азаматтық бастамаларды ілгерілетуге жәрдемдесу.
Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу қажеттігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің былтырғы Жолдауында атап айтқан болатын. Ал аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, кенттер мен ауылдардың әкімдерін сайлауды Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылғы Жолдауында алғаш рет ұсынғаны белгілі.
Кеңес төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарымның айтуынша, бүгінгі таңда ауылда халықтың 41пайызы тұрады, бұл елдің ішкі жалпы өнімінің 4 пайызын ғана қамтамасыз етеді.
«Ауылдық жерлерде көлеңкелі экономика басым. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтермей, ел экономикасын көтеру мүмкін емес екені баршаға мәлім. Осының бәрімен күресудің бір жолы – билік тетіктерін халықтың қолына беру. Сонда ғана тұрғындар өз ауылдарының тыныс-тіршілігіне араласып, мәселелерді шеше алады», деп атап өтті ол.
Nur Otan партиясының хатшысы Әлібек Әлденей атап өткендей, 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламада жергілікті өзін өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу көзделген.
«Бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі Жол картасында әрбір тармақ нақтыланды. Олардың бірі – демократиялық реформаларды тереңдету, халықпен кері байланыс құралдарын жетілдіру, билікті одан әрі орталықсыздандыру үшін маңызды түрткі болатын ауыл әкімдерінің алдағы сайлауы. Жыл соңына дейін 1 млн 250 мың сайлаушының қатысуымен ауылдық елді мекендердің 800-ге жуық әкімі сайланады деп күтілуде», деді Әлібек Әлденей.
Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен заң жобасының жаңалығын атап өтті. Мәселен, кандидаттар 3 тәсілмен: саяси партиялар мүшелерінің қатарынан, өзін-өзі ұсыну тәртібімен, бұдан басқа, егер ұсыну мерзімінің соңына дейін екіден кем үміткер ұсынылса, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің кандидаттары ұсынылады.
Отырыста талқыланған мәселелердің маңыздылығы мен өзектілігін ескере отырып, басқа саяси партиялардың өкілдері, саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері де сөз сөйледі. Мәселен, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рахымбеков әкім жұмысы тиімділігінің сандық индикаторын енгізуді ұсынды.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы Асхат Рахымжановтың пікірінше, әкім атқарушы биліктің бел ортасынан шығып, менеджер болуы тиіс. Сондай-ақ ол сайлау процесінің ашықтығын, айқындығын және заңдылығын қамтамасыз ету үшін сайлау күні дауыс беру кезінде онлайн трансляция өткізуді ұсынды.
Сонымен қатар Парламент Мәжілісіндегі «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясы басшысының орынбасары, депутат Берік Дүйсембинов халқының саны кейбір аудандар тұрғындарының санынан асатын ірі ауылдардың мәселесін көтерді. «Ірі ауылдардың әкімдері үшін қосымша механизм қажет. Өйткені абаттандыру, инфрақұрылым және әлеуметтік мәселелерді ескерсек, олардың жүктемелері көбірек», деді ол.
Кеңес мүшесі Майра Айсина осы қызметтерде тиісті тәжірибесі жоқ жас үміткерлерді оқыту үшін тәлімгерлік институтын енгізу қажеттілігі туралы пікір білдірді. Кеңес мүшесі Расул Жұмалы жоспарланып отырған жаңашылдықтарға қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуге шақырды.
Өзін өзі басқару саласындағы реформаларды талқылау аясында Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров өңірлердің дербестігін арттыру Қазақстанның сапалы аумақтық дамуына ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, жергілікті өзін өзі басқаруды тиімді дамыту үшін мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін өзі басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажыратуды қамтитын жеке заң шығару қажет.
Қазіргі уақытта жергілікті өзін өзі басқарудың негізгі органдарының бірі жергілікті қоғамдастық жиналысы болып табылады. Алдағы 10 жылға арналған жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасының жобасында жергілікті қоғамдастық жиналысын қайта құру жолымен ауылдық деңгейде өкілді орган – «Кеңес» құру көзделген.
Өз кезегінде саясаттанушы, кеңес мүшесі Андрей Чеботарев тұжырымдаманың әлсіз жақтарының бірі ретінде аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдық елді мекендер әкімдерінің сайлауын өткізу процесінің үндеспейтіндігін атады. Мәселен, биыл осы деңгейдегі әкімдердің жалпы санының үштен бірі ғана сайланады. Бұл алшақтық жалпы сайлау процесінің ұйымдастырушылық, техникалық және қаржылық аспектілеріне теріс әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар А.Чеботарев жоғары білімге қатысты шектеуді алып тастауды ұсынды.
«Кандидаттарға қойылатын талаптарды біраз төмендету қажет. Себебі қарапайым ауыл тұрғындарының ғылыми дәрежесі, қандай да бір басқарушы құрылымдарда, жеке немесе мемлекеттік қызметте жұмыс тәжірибесі болмағанымен, бірақ олар ауылдың деңгейін қалай көтеру керектігін білетін сауатты адамдар болуы мүмкін», деп атап өтті ол.
Кеңес отырысының қорытындысы бойынша Жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныс әзірленді. Соның ішінде тиісті жұмыс тәжірибесі жоқ, тікелей сайланған ауыл әкімдерін оқыту үшін тәлімгерлік институтын енгізу де бар.
Жиынды қорытындылаған кеңес төрағасы Айдос Сарым биыл күзде ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлаудың бірінші кезеңі аяқталғаннан кейін осы мәселе бойынша тағы бір отырыс өткізуді ұсынды.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала
Алексей Цой отставкаға кете ме?
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Педагог категориясының өсуі жалақыға қаншалықты әсер етеді?
- авторjambylinfo.kz
- 24 қараша, 2024