Әлия Юсупова көркем гимнастикадан ұлттық құраманың бас бапкері қызметінен кетті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Олимпиада ойындарының қатысушысы 2012 жылдан бері Қазақстан құрамасын дайындап келді.
Оның жетекшілігімен қазақстандық гимнасттар халықаралық ареналарда табыстарға жетіп, құрлықтық чемпионаттарда, Азия ойындарында және әлемдік турнирлерде медальдар жеңіп алды.
Спортшы қызметінен кетуіне қатысты пікір білдірді.
«2009 жылы спорттық мансабымды аяқтаған соң, өзімді бапкерлік қызметте сынап көргім келді. Мен өзім дайындаған гимнастты Олимпиадаға шығарып, сол ойындарға бапкер ретінде қатысуды мақсат еттім.
2012 жылы маған осындай мүмкіндік беріліп, Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметіне кірістім.
Үш Олимпиада да біз жақсы нәтижелер көрсете алдық. Үш рет гимнасттарды Олимпиадаға дайындағаныма өте қуаныштымын.
Мұндай жауапты қызметте маған сенім артқаны үшін елге, басшылыққа алғысымды білдіремін.
2025 жылдың қаңтарынан бастап бас бапкер қызметінен кетемін, өйткені федерациядағы жұмысқа толықтай көңіл бөлгім келеді. Осылайша, басқа бапкерлерге өздерін көрсетуге мүмкіндік беруді жөн көрдім. Баршаңызға сәттілік тілеймін», – деп жазды ол.