Ломбардтардың табысы қанша?
Қазір аттап бассаң, ломбардқа кезігесің. Әсіресе, мұндай микроқаржы ұйымдары базар маңында көптеп шоғырланған. Елімізде олардың саны 600 шамасында екен. Алайда микронесиелердің үштен екісі сол 600 ұйымның тек үздік 20-сына ғана тиесілі болып шықты.
Ал жеке тұлғаларға беріліп, бірақ төленбегеніне үш айдан асып, қауіпті несиелер қатарына кірген қарыз мөлшері – ломбардтар портфелінің 5 пайызын құрайды. 2021 жылдың екінші тоқсаны соңындағы жеке тұлғаларға берілген микронесие көлемі – 131 млрд теңге. Бұл ретте салыстыра кетейік, биыл екінші тоқсан соңында жалпы микроқаржы ұйымдарының жеке тұлғаларға берген қарызы 542,2 млрд теңгені құраса, екінші деңгейлі банктердің тұтынушылық несиелерінің көлемі 5,1 трлн теңгеге жетіп жығылған.
Ломбардтардың жеке тұлғаларға берген микронесиесінің 93,8 млрд теңгесі – таза, яғни төлемі кешікпеген қарыздар. Ал 37,2 млрд теңге, яғни бүкіл займның 28,4 пайызына негізгі қарыз немесе қосылған сыйақы бойынша төлемнің кешігіп жатқаны байқалады. Кешіктірілген микронесиелердің көп бөлігі – 1-30 күн аралығында кешігіп жатқан төлемдер. Оның көлемі – 22,9 млрд теңге. Ал төленбегеніне 31-ден 60 күнге дейін ұзап кеткен төлемдер – 5,1 млрд теңге болса, үш ай бойы ұмытылған қарыз мөлшері 2,6 млрд теңгені маңайлайды. Ал 90 күннен асып төленбеген займдар мөлшері – 6,5 млрд теңге. Бұл қарыз жеке тұлғаларға берілген микрозаймдар көлемінің 5 пайызын құрайды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, биыл екінші тоқсан соңында елде 594 ломбард жұмыс істеген. Микронесие портфелі көлемі бойынша «М-Ломбард» (18,1 млрд теңге) көш бастайды, екінші орында – «МК-Ломбард» (12,7 млрд теңге), үшінші орында – «Астра-Ломбард» (11,2 млрд теңге). Сондай-ақ жеке тұлғаларды несиелеу бойынша «Сейф Ломбард» (11 млрд теңге), «МК-Золото Ломбард» және «Сенімді іргетас» (8,4 млрд теңгеден) ломбардтарының да үлесі жоғары.
Ranking мәліметі бойынша, бірінші жартыжылдықта елдегі ломбардтар 19 млрд теңгеден астам таза жиынтық пайда тапқан. Бұл ретте 116 ломбард шығынға батқан. Жақында Ұлттық банк несие серіктестіктері және ломбардтар бойынша қаржы секторының көрсеткіштерін жариялауды бастады. Ақпарат Ұлттық банк сайтында тоқсанаралық негізде жарияланып отырмақ.
Қаңтар-маусым аралығында ломбардтардың жиынтық табысы 68 млрд теңгеден асыпты. Оның 43,7 млрд теңгесі сыйақы алу арқылы пайда болған табыстан түскен. Ал қаңтар-маусым аралығындағы шығын 46,2 млрд теңгені құрайды. Оның 16,2 млрд теңгесі – операциялық шығындар. Сонымен қатар ломбардтардың корпоративтік табыс салығының жиынтық көлемі 2,8 млрд теңгеге шыққан. Корпоративтік салық төленгенге дейінгі таза табыс бірінші жартыжылдықта 21,8 млрд теңгеге жетсе, салық төленген соң оның көлемі 19 млрд теңге болған.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала