Ұлттық ұландықтар 101 жастағы соғыс ардагеріне құрмет көрсетті
- авторjambylinfo.kz
- 22 ақпан, 2025
- 333

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысының ардагері, ғасыр жасаған Рзағұл Байкешевті Жеңістің 80 жылдығымен құттықтап, ерекше ілтипат білдірді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ардагер тұратын үйдің алдында құрмет қарауылы сап түзеп, ұландық сарбаздар салтанатты шеру жасады. ІІМ Ұлттық ұланының үлгілі-көрсетімділік оркестрі соғыс жылдарындағы әуендерді орындап, қарияға әскери өнерін паш етті.
5573 әскери бөлімінің командирі Аян Есжанов ардагерді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабековтың атынан құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
1923 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген Рзағұл Байкешев 17 жасында Қарулы Күштер қатарына қосылып, Калинин облысында, Рыжов және Великий Луг қалалары маңындағы шайқастарға қатысты. Польша, Румыния, Венгрияны азат етуге атсалысып, ефрейтор шенін иеленді. Ерлігі үшін І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Маршал Г. К. Жуков» медалімен марапатталды.
«Біз ашаршылықты да, жоқшылықты да, қуғын-сүргінді де көрдік. Фин соғысы жайында естіп өстік. Ал Ұлы Отан соғысы өзіміздің басымыздан өтті. Сондықтан көпті көрдік деп айта аламын. Бірақ біздің көргенімізді бүгінгі ұрпақ көрмесе екен деп тілеймін. Елеп-ескеріп келгендеріңізге көп-көп рахмет», – деді қан майдан көрген ақсақал.
Еске сала кетейік, Ұлттық ұланда Жеңістің 80 жылдығына арналған «Жеңіске 100 күн қалғанда» акциясы жалғасуда. Оның аясында патриоттық сабақтар, ардагерлермен кездесулер және елордадағы Жеңіс шеруіне дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз