жұма, 27 желтоқсан, 2024 6:46

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ұлттық спорт қанат жайып келеді

Ұлттық спорт қанат жайып келеді
ашық дереккөз
Жамбыл жерінің этнотуризмдегі бәсі бір елі жоғарылайтын тұсы – ат спорты. Бұл салада өңірдің айшықты үлесі мен терең тарихы бар. Мәселен, әлемге әйгілі талай тұлпарды түлеткен Көгершін ат зауыты мен көкпардан еліміздің он төрт дүркін чемпионы «Әулиеата» көкпар клубы осында орналасқан. Сондай-ақ, бәйгеден Ақбақай, Бұлақасқа, Самал, Желқара сынды дүлдүлдер талай доданың алдын берген емес. Осы көрсеткіштерге қарап отырып–ақ, облыстың саладағы әлеуетін бағамдай беруге болады.

Ата-бабадан жалғасқан игілікті бүгінде жамбылдықтар кәдеге жарата білген. Бүгінде қала аумағынан бөлек, шаһарға жақын елді мекендерден атпен серуендеу орындарын кездестіруге болады. Мәселен, Жамбыл ауданы, Жасөркен ауылының тұрғыны Азат Ақылбеков елді мекенде атпен серуендеу орталығын ашып, атадан қалған құндылықты кәсіпке айналдыруда. Ауыл тұрғынының мұндай істі бастап тәуекел етуіне ұлттық құндылық дәріптеліп, дәстүр-салтымыз жоғары деңгейде насихатталса деген мақсат-мұраты себепкер болған.

– Туып-өскен өлкеміздің тарихы мен географиялық ерекшелігі өздігінен туризмге сұранып-ақ тұр. Біздің де ең басты мақсатымыз табиғат сыйын қажетімізге жаратып, қанға сіңген қасиетті өнерді дамыту. Сол арқылы ұлттық нақыштағы демалыс орнын ашу болатын. Айналасы бір жылға жуық аралықта орталық сапалы қызметі арқылы талай демалушылардың көңілінен шығып отыр. Бүгінде демалыс аумағында атпен серуендеумен қоса арнайы турлар ұйымдастырылып, садақ ату, фотосессия сынды қызметтер көрсетіледі, – дейді орталық иесі.

Өткен жылдың жаз айларында өз жұмысын бастаған орталық әуелде көп адамға таныла қоймаған. Тек уақыт өте келе әлеуметтік желі арқылы парақша жүргізіп, маркетингті мықтап қолға алғаннан кейін ғана қызмет көрсету орнының көші ілгері басқан. Сол арқылы келушілер қатары күннен-күнге артып, қызметтер тізбегі де толыса түскен. Бүгінде мұнда қолжетімді бағаға атқа мініп, фотосессия ұйымдастырып, киіз үйде демалуға мүмкіндік бар. Ал, алғаш келушілерге арнайы нұсқаушылар қызмет көрсетіп, жылқыға мінудің жөн-жосығын үйретеді. Мұның бәрі аздық етеді десеңіз, аптасына бір мәрте ұйымдастырылатын табиғат аясындағы саяхатқа қатыссаңыз болады.

– Біздегі бір ерекшелік бағаның қолжетімділігі. Мұнда 3000 теңгеге жарты сағатқа, 5000 теңгеге бір сағат көлемінде атпен серуендеуге болады. Бұдан бөлек, аптасына бір мәрте ұйымдастырылатын тау баурайындағы серуенімізде айран мен қымыз сынды ұлттық сусыннан, бауырсақтан дәм татып, төрт сағат табиғат аясында топпен саяхаттауға болады. Сондай-ақ, жақында садақ ату ісін қолға алдық, – дейді А.Ақылбеков.

Орталықта бүгінде 20 шақты жылқы бар. Оның бәрі арнайы күтіммен қаралып, бапталып, дайындалады. Бұл іс осындағы қызметкерлерге жүктелген. Жалпы мұнда 7 атбегі жас жұмыс істесе, оның 4-еуі тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл мамандар келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, атқа мінудің тәсіл-жоралғыларын көрсетіп отырады. Тумысынан ат жалына жабысып өсіп, көкпардан талай дүбірлі додалардың ортасына түскен жігіттер бұл істің машығын мықтап меңгерген. Осылайша, тұлпар атты тізгіндегендер қатары артып, демалыс орны қала қарбаласынан шаршағандардың сүйікті мекеніне айналған.

– Кез келген ұлт өзінің ұлттық калориті арқылы дамитыны белгілі. Біз қала тіршілігіне дендеп еніп, көп құндылықтан қашық қалып жатсақ та, рухани өзегіміз дәстүр-салтымызға бұрып тұрады. Мен бұған жарты жыл бұрын осында алғаш келген сәттен бастап көзім жетті. Жастайымыздан қалада туып-өсіп, осында бойжетсек те, атқа міну кішкене армандарымыздың бірі болған. Оған қоса, қала жұртының қыз баласының атқа мінуін құп көре бермейтіні бар. Ал, мұнда жетелеген еркіндік сүйген халқымыздың бітім-болмысы болса керек. Қым-қуыт тіршіліктен бір сәт дамыл тауып, рухани демалыс сыйлайтын бұл мекен бүгінде менің жиі келетін орындарымның біріне айналған, – дейді қала тұрғыны Аяжан Рахматулла.

Ал, жасөркендік жас – Азатты әуелгі арманының қазіргі таңда жүзеге асып келе жатқаны қуантып отыр. Ол алдағы уақытта демалыс орнын қазақи нақышпен одан әрі толықтырып, жұмыр тұяқты түліктің қатарына түйе қосуға ниетті. Сол арқылы өзге атпен серуендеу орталықтарынан тағы бір мәрте ерекшелендіріп, ұлттық нақыштағы демалыс орнын көркейте бермек. Жалпы бұдан бөлек, Тараз қаласында «Абсент» ипподромы мен «Мамыр» саябағында, «Тектұрмас» тарихи-мәдени кешенінің маңында, Байзақта Сарыкемер ауылының маңында атқа міну орталықтары бар.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар