Ұлы ағартушыға бюст қойылды
Тәуелсіздіктің отыз жылдығы мен Ұстаздар күніне орай бас қаладағы №83 орта мектептің алдына ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсаринге ескерткіш-бюст қойылды.
Салтанатты іс-шараның ашылуында сөз алған Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов ел тарихындағы айтулы тұлғаларды ұлықтау – біздің парызымыз дей келіп: «Бүгін біз саналы ғұмырын ағарту ісіне арнаған ұлы тұлғамыздың бюстін ашуға жиналып отырмыз. Бұл ағартушының 180 жылдық мерейтойына арналған айтулы шара деп санаймын. Алдағы таңда дәл осы №83 орта мектебіне Ыбырай Алтынсариннің есімі беріледі деп жоспарлап отырмыз» десе, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы: «Бір Аллаға сиынып, кел балалар оқылық», деп жырлап, Торғай даласында алғаш рет қазақ мектебінің қоңырауын сыңғырлатқан Ыбырай атамыздың мүсінінің елорданың төрінен бой көтеруі − қазақ үшін үлкен мақтаныш!», деп толғанды.
Ал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов бүгінде еліміз ұлы ұстаз армандаған заманға қол жеткізгенін айтып, кейінгі жылдардағы білім саласында жүзеге асқан жемісті жұмыстарға тоқталды.
− Жақында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1000 мектеп салу бағдарламасын алға қойды. Елордамызда таяу жылдары 50-ге тарта мектеп салынбақшы. Қазірдің өзінде үш ауысымдағы мектептер жоқ. Осының бәрі білім және ғылым саласында жүргізіліп жатқан реформалардың арқасы деп білемін. Мұғалімдердің мәртебесін көтеру бағытында да жаңаша шешімдер қабылданды. Ұстаз болам деген студенттердің шәкіртақысы көтерілді. Міне, мұның бәрі педагогтердің дәрежесі мен абыройының көтерілуіне септігін тигізеді» деді белгілі ғалым.
Айта кетейік, бас қаланың төріне келіп орын тепкен Ыбырай Алтынсарин бюстінің биіктігі, тұғырымен қоса алғанда төрт метрден асады. Туынды авторы – Нұрбол Қалиев
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз