Жаңалықтар
Ұлы Отан соғысының ардагері Президентке хат жолдады
- авторjambylinfo.kz
- 27 қыркүйек, 2021
- 196
Ұлы Отан соғысының ардагері Президентке хат жолдады
Жақында 100 жасқа толған Қайырлы Жоңқабаев соғыс ардагерлеріне көрсетілген құрмет үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жолдап, алғыс білдірді. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли facebook желісіндегі парақшасында жазды
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Мен Жоңқабаев Қайырлы Уатайұлы – Ұлы Отан соғысының ардагерімін. Сізге екінші рет хат жолдап отырмын. Алдыңғы хатыма өзіңізден жауап алып, риза болдым. Мен жақында 100 жасқа келіп, ғасыр тойыма жеттім. Менің Сізге деген алғысым шексіз. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Сіздің менің ғасыр тойыма арнап жолдаған құттықтауыңызды жеткізді, сән-салтанатпен табыс етті. Одан соң Алматыда тұрып жатқан үйімнің ауласына Ұлттық ұлан сарбаздары құттықтап келіп, әскери оркестр ойнап, ерекше ілтипат, құрмет көрсетті. Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының атынан сый-сияпат берді», деп жазды ол.
Мұндай құрметтен кейін БАҚ беттерінде ардагер Қайырлы Жоңқабаев жайлы «Ғасыр жасаған панфиловшы» деген мақалалар жарияланған.
«Маған көрсеткен осындай құрметтеріңізге қарт майдангердің атынан үлкен алғысымды білдіріп, ақ батамды беремін. Осылай, Жеңіс сарбаздарына көрсетіп жатқан құрметіңіз, соғыстан қайтпаған, майдан даласында және кейін қаза болған боздақтардың рухына тағзым ету деп түсінемін. Олардың аруақтары разы болғай! Еліміз үшін атқарып жатқан оң істеріңіз табысты болсын. Сіз басқарып отырған Қазақ елі гүлдене берсін!», деп жазылған соғыс ардагерінің хатында.
Қайырлы Уатайұлы 1921 жылы 10 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1940 жылы ШҚО Құлжа орта мектебінде мұғалім болып бастаған. 1941 жылы қазан айында Панфилов дивизиясының 23-ші гвардиялық полкіне Қызыл Әскер жауынгері болып алынды.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала