дүйсенбі, 20 қаңтар, 2025 20:49

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы: Таразда «Ұлы жеңіске тағзым» іс-шаралар кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы: Таразда  «Ұлы жеңіске тағзым» іс-шаралар кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті
Фото: Ю. Ким
Арналған тақырыптық іс-шаралар топтамасын Қазақстан Халық партиясы республика көлемінде өткізіп отыр

«Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұлы жеңіске тағзым» іс-шаралар кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.    

 Ауқымды шараның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, сондай-ақ азаматтарға сұрапыл жылдардағы оқиғалар жөнінде толық ақпарат бере отырып, тарихымызды бұрмалап, қайта жазу әрекеттерінің алдын алу.
Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шара ел үшін аянбай күрескен батыр бабаларымызды еске алу мақсатында 1 минут үнсіздікпен басталды. Расында зұлматты заманды бастан кешкен соғыс ардагерлері мен тыл ардагерлерінің еткен ерліктері бүгінгі ұрпаққа ұлы өнеге болып қалары сөзсіз. Жиын барысында келген қонақтар мен қатысушыларға соғыс жылдарынан бейне көрініс көрсетіліп, оркестрдің сүйемелдеуімен сол кезеңдердегі әндер шырқалды. Аталған шараның өтуіне мұрындық болған «Қазақстан Халық партиясының» ұжымы ардагерлерге арнайы гүл шоқтарын табыстап, өз алғыстарын білдірді. Сондай-ақ жиынның алғашқы сөз кезегі «Қазақстан халық Партиясы» Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Жанат Әбдуәліқызына берілді. 

 

    - Арналған тақырыптық іс-шаралар топтамасын Қазақстан Халық партиясы республика көлемінде өткізіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында биылғы мемлекеттік іс-шаралардың ішінде ұлы жеңістің 80 жылдығы ерекше орын алатынын айтып өтті. Жеңістің биылғы мерекесі еліміздің бірде-бір азаматын бейжай қалдырмайтынына сенімдімін. Себебі сұрапыл соғыстың зардабы барлық отбасын айналып өтпеді. Жеңіс күні еліміз үшін, әрбір қазақстандық үшін ешқашан маңызын жоймайтын айтулы күн. Сұрапыл соғыста жауынгерлеріміз алдыңғы сапта жүріп, асқақ рух, өшпес ерліктің, қаһармандық пен қайсарлықтың ерен үлгісін көрсете білді. Жамбыл жерінде майданға аттанған жүз мыңдаған сарбаздың көбісі отанына оралмады. Соғыс жылдары көптеген жерлестеріміз аянбай тер төкті. Олардың барлығы жеңісті жақындатуға күш салды. Бабалар рухына тағзым етіп, ардагерлерімізді ардақтау, олардың ерлік жолдарын ұрпаққа үлгі ету азаматтық парызымыз. Арамыздағы соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсету маңызды міндетіміз. Қазақстан Халық партиясы биылғы маңызды жылды үлкен жауапкершілікпен әрі ерекше мақтанышпен ашып отыр. Біз өткізетін іс-шаралар ардагерлерге құрмет көрсетуден бөлек, сол жылдардағы оқиғаларды жас буын өкілдеріне түсіндіруге көмектеседі деп сенеміз. Бұл жеңістің құны өте қымбатқа түскенін жадымыздан шығармай, келешек ұрпақтың бейбіт өмір сүруі үшін ардагерлеріміздің ерлігін мәңгі есте сақтауымыз қажет,- деп Жанат Бастаубаева келген қонақтарды жеңістің 80 жылдығымен құттықтады.


    Әрине елімізді қорғау жолында қасық қаны қалғанша аянбай күрескен ата-бабаларымыздың ерлігін ел ішінен ұмыт қылмауымыз тиіс. «Атаның еккен ағашы, ұрпаққа сая» дегендей ардагерлеріміздің ерен ерлігінің арқасында білімді жастар бой түзеп келеді. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Бейсембекұлының айтуынша атаны ардақтау ат ұстар азаматтың басты парызы.


    –Жеңістің 80 жылдығына орай әр аймақ пен барлық қоғамдық ұйымдар үлкен дайындық үстінде. Облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен 23 қаңтар күні Шохан Уалиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында Бауыржан Момышұлы, Балтабай Адамбаев сияқты бірнеше ардагерлердің ерліктері мен әдебиетке қосқан үлесі, шешендік өнері туралы іс-шара өтеді. Ал енді бүгінгі іс-шараға келер болсақ. Соғыс басталған күннен бастап облысымыздан майданға аттанған сарбаздар жеңіске жету жолында бір кісідей өз үлесін қоса білді. Толарсақтан қан кешіп, майданның қақ ортасында ерлік көрсеткен аталарымыз бен әжелерімізге алғысымыз шексіз. Елім деп, жерім деп, отаным деп күрескен жалынды жастар майдан алаңында шейіт болды. Бауыржан Момышұлының айтқанындай қаншама мықты, білекті де білімді батырларымыз сол кезеңнен қайтып оралмады. Міне осындай ерлікпен қаза тапқан батырларымызды ұлықтау, есімін ел ішіне таныту халықтық міндет болып қалыптасу керек,- дейді Еркімбек Солтыбаев.


    Сонымен қатар іс-шара барысында «Кестелі орамал», «Жеңіс күнінде», «Жасай бер Қазақстаным» атты әндер шырқалып, «Бақытты болашақ» оқушылар сарайының оқушылары әскери киіммен би билеп, өткен күннің естелігін қайта еске түсіргендей болды.

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар