сәрсенбі, 27 қараша, 2024 13:44

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Мақсатымыз – ел игілігіне қызмет ету

Мақсатымыз – ел игілігіне қызмет ету
ашық дереккөзі
Мақсатымыз – ел игілігіне қызмет ету
Мақсатымыз – ел игілігіне қызмет ету Дамудың жаңа кезеңіне қадам басып жатқан Қазақстанда басым бағыттың бірі – мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғырту. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін ұстағалы бұл салада тың бастамалар көтеріліп, ілкімді істер қолға алынды. Жақында жарияланған Жолдауда да мемлекеттік қызметке қатысты жаңа міндеттер жүктеліп отыр. Осы орайда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевпен арнайы жолығып, саладағы жұмыстардың барысы туралы біраз мағлұматқа қанықтық. – Дархан Медеғалиұлы, Мем­лекет басшысы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаң­ғыру жолы» атты халыққа Жол­­дауында елімізде мем­лекет­тік басқаруға қатысты бірқатар сая­­си реформаның жүргізі­летінін жария етті. Сіздің пікі­ріңізше, Жаңа Қазақстандағы мем­ле­кет­тік қызмет қалай ұйым­­дасты­рылуы керек? – Президент Жолдауында ұсынылған бірқатар саяси реформа қоғамның қажеттілігі мен сұранысына негізделген. Мемлекет басшысы «Біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстанды құру. Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі» деп басты бағдарды анықтап берді. Бұл қоғамдық санаға серпін беріп, елдің ертеңгі күнге сенімін арттыруда. Мемлекет басшысы атап өт­кен­дей, біз «мемлекет пен қоғам­ның өзара сеніміне және құр­метіне негізделген жаңа саяси мә­дениетті қалыптастырамыз». Ал бұл мақсатқа жету үшін «әр­бір адам және бүкіл қоғам, құн­ды­лықтарымыз түбегейлі жаңаруға тиіс». Президент «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деп үнемі айтып келе­ді. Осыған сәйкес, Жаңа Қазақ­стандағы мемлекеттік қыз­мет бюрократияға жол бермей­тін, сервистік сипатта ұйымдас­тырылуы керек. Бұл – халықтың талабына сай болу, елдің қаже­тінен шыға білу деген сөз. Бүгінде халық тарапынан мемлекеттік органдардың қызмет көрсетуіне қатысты кейбір кө­ңіл­толмаушылықтардың бары жасырын емес. Осы олқылық­тардың орнын толтыру – біз­дің алда атқарар қызметіміздің бас­ты бағдары. Ол үшін ашық, әділ, адал, адамға бағдарланған мем­лекеттік аппарат қалып­тас­тыруымыз қажет. Мақсатымыз – ел игілігіне қызмет ету. Жаңа Қазақ­стандағы мемлекеттік қыз­мет­ті ұйымдастыру осы бағытта жүргізіледі. – Жолдауда жергілікті өзін өзі басқаруды орта­лық­сыз­дандыру жайлы айтылды. Осыған қатысты ойыңызбен бөлісе кетсеңіз... – Жолдауда айтылған жергі­лікті өзін өзі басқаруды орта­лық­сыздандыру ең алдымен сая­си жаңғыруды нәтижелі жүзе­ге асы­руға және азаматтық қоғам­ды дамытуға бағытталып отыр. Мемлекет пен жергілікті өзін өзі басқару институттарының өзара міндеттерін нақтылау бұлар­дың рөлін күшейтіп, жауап­кершілігін арттырады. Себебі аталған институттар қа­былданған шешімдерге тіке­лей жауапты болады. Олардың дербес шешім қабылдауына мүмкіндік беру азаматтардың тұрғылықты жер­лердегі мәсе­лелерді шешуге тікелей атсалысу белсенділігін арттырады. «Өзім дегенде, өгіз қара күшім бар» дейді ғой хал­қы­мыз. Әр азаматтың өз қала­сы, өз ауданы немесе өз ауы­лы үшін белсенділік танытып, жауап­кершілікті сезініп, үле­сін қосуына және тиімді нәти­же­­лерге қол жеткізуіне жаңа мүм­кіндіктер туындайды. Осы тұста өңірлерді қаржы­ландыру жүйесін әрі қарай же­тіл­діру, яғни жергілікті өзін өзі басқару органдарын ті­келей қаржыландыру тәсі­лін ен­гізу олардың жоғары тұр­ған әкім­діктерге қаржылық тәуел­­сізді­гін бәсеңдетіп, өңір басшылығы­­ның жергілікті ахуалға ықпал ету мүм­кіндігін және жауаптылы­ғын арттырады. Нәтижесінде, Жолдауда айтылған шараларды жүзеге асыру, жұртшылықты өзін тол­ғандырған проблемаларды оң­тайлы шешу ісіне жұмылдыра ала­тын, жауапкершілігі мол жер­гілікті көшбасшылардың шы­ғуына септігін тигізеді. Соны­мен қатар азаматтардың жер­гі­лікті басқаруға ықпалы мен белсен­ділігі артып, жергілікті өзін өзі басқару жүйесі нығая түседі. Бұл – мемлекеттік басқару жүйесін демократияландырудың ашық көрінісі. – Жыл басында Мемлекет басшысы агенттікке бірқатар тапсырма берді. Сол тапсырмалар бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр? – Мемлекет басшысы мем­ле­кеттік қызметке кіру және одан шығу рәсімдерін жеңілдету, бюро­­кратияға жол бермеу, меритократия қағидатын ілгерілету­ге қатысты агенттіктің алдына жаңа міндеттер қойған болатын. Қазір бұл мәселелер зерделеніп, ұсыныстар әзірленуде. Бүгінде агенттік тарапынан мемлекеттік қызметке іріктеуді жеңілдету бойынша бірқатар ұсыныс дайындалды. Мәселен, жоғары оқу орындары мен колледждерде мемлекет есебінен білім алып, оқу үлгерімінің ор­таша балы (GPA) жоғары көр­сет­кіштегі маман иесі атанған жастарымызды аудандық және ауылдық деңгейлердегі ең тө­менгі лауазымдық мемлекеттік қыз­метке конкурстық іріктеусіз қабылдау ұсынылып отыр. – Осы тұста нақтылай кетсек, сонда бұл арнайы жастар үшін қарастырылып отырған жеңілдіктер ме? – Солай десе де болады. Бі­рін­­шіден, бұл жас маман­дар­дың ел өңірлеріне оралып, оның дамуына үлес қосуға жол ашса, екіншіден, аймақтарда кадр тапшылығын азайтуға ық­пал етеді деп күтілуде. Қазіргі уа­­қыт­та агенттік тарапынан мем­­лекеттік қызметке іріктеуді же­ңіл­дету бойынша басқа да ұсы­ныстар дайындалып жатыр. Мемлекеттік қызметтен шығу рәсімдерін жеңілдетуге қатысты сұраққа келсек, қолданыстағы ережеге сәйкес, қызметші екі жыл қатарынан теріс баға­лауға ие болғаннан кейін жұ­мыс­тан босатылуы мүмкін еке­нін атап өткен жөн. Осы мәсе­лені бағалау құралының рөлін арттыру арқылы шешу ұсыны­лады. Осылайша тоқсан сайын­ғы бағалауды енгізгеннен кейін, екі тоқсан қатарынан қана­ғат­­танарлықсыз баға алған қыз­мет­шілердің лауазымын төмен­дету, ал төмен тұрған бос ла­уазым болмаған жағдайда оларды лауазымынан босату ұсы­нылады. Бұл тиімсіз мемле­кет­тік қызметшілердің жауапкер­шілі­гін арттыра отырып, оларды қыз­меттен босату рәсімдерін жеңіл­детеді деп күтілуде. Меритократия қағидатын іл­гері­лету мәселесіне келер бол­сақ, қолданыстағы заңнамаға сәй­кес, мемлекеттік қызметшіден лауазымын жоғарылату үшін конкурсқа қатысуы талап етіледі. Бұл ретте мемлекеттік қызметте конкурссыз мансаптық ілгерілеу төмен тұрған лауазымдағы екі жыл еңбек өтілінен кейін ғана мүмкін. Біз мемлекеттік қызмет­ші­лер­ді мансаптық ілгерілету ба­ры­­сында олардың қызметінің тиім­ділігіне берілген бағаны есепке алуды ұсынып отырмыз. Осылайша тоқсан сайынғы баға­лауға көшу қызметші жұ­мы­сының тиімділігін екі жыл кү­тпей-ақ, тезірек баға­лау­ға мүм­кіндік береді. Сәй­кесін­ше, қатарынан төрт тоқ­сан бойы жо­ғары баға алған қыз­мет­шілерді тікелей тағайын­дау­мен лауазымын жоғарылату ұсыны­лады. Белгілі бір қызметшіні көтер­мелеу мақсатында баға­лауға формальды келуді болдырмау үшін мұндай тағайындау агенттікпен келісіледі. Осы айтылғандармен қатар, мемлекеттік басқаруда бюро­кратияға жол бермеу, оны бол­дырмауға қатысты бірқатар ұсы­ныс әзірленді. – Жақында мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі жаңа редакцияда қабылдан­ды. Жаңа редакциядағы Әдеп кодексінің бұрынғы нұсқадан басты айырмашылықтарына тоқтала кетсеңіз... – Жаңа редакцияда қабыл­дан­ған мемлекеттік қыз­мет­ші­лер­дің Әдеп кодексі қызметтік әдеп нор­маларын дұрыс түсінуде жә­не қолдануда ерекше маңызға ие. Біріншіден, бұрынғы Әдеп кодексінде мемлекеттік қызмет­шілерге қойылатын моральдық-адамгершілік талаптар мен олардың мінез-құлқының негізгі қағидаттары бірге қаралып келген еді. Ал жаңа редакция­да бұл олқылықтар жойылып, мем­лекеттік қызметшіге қойы­латын әдеп талаптары мемле­кет­тік қызметшінің қызметтік әдебіне қатысы жоқ ережелерден бөлек, өз алдына жеке қарастырылып отыр. Жаңа Әдеп кодексі – ең алдымен қызметтік әдеп стан­дарт­тарын белгілеуге бағыттал­ған және мемлекеттік қызмет­шілердің бойында моральдық-адамгершілік қасиеттерді о­р­нық­тырудың негізі. Екіншіден, жаңа редакцияда Кодекстің құрылымы өзгертіліп, «Мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары» деп аталатын тарау енгізіліп отыр. Осыған сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі алты қағидатқа негізделген. Олар – ашықтық, әділдік, адалдық, сыпайылық, адал ниеттілік және клиентке бағдарлану. Сәйкесінше, мем­лекеттік қызметшілер мем­лекеттік қызметтің негізгі тұ­тыну­шысы саналатын халық­тың талабына барынша икем­ді, жұртшылықпен жұмыс істеу­ге дайын болуы және өз жұ­мы­сының ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс. Осы қасиеттер Жаңа Қазақ­станның мемлекеттік қызмет­шілерінің болмысынан көрініп тұруы керек. Бұл ұстанымдар мемлекеттік аппараттың жұмы­сына жаңа мазмұн береді деп күтілуде. Үшіншіден, Әдеп кодексінің жаңа редакциясына сай агент­тік пен оның аумақтық орган­дары, қызметтік әдепті бұзу­дың профилактикасын үйлес­тіруші органдар ретінде айқын­далып отыр. Осыған байланысты алдағы уақытта Әдеп жөніндегі уәкілдердің, комиссиялар мен кеңестердің әдеп бұзушылықтарды ескерту және алдын алу бойынша жұмыстары жандандырылады. Негізгі өз­герістер – осы. – Кейінгі кездері қоғамдық өкілдер, сарапшылар тарапынан кадр мәселесі жиі қозғалып жүр. Агенттік осы мәселеге қатысты қандай жұмыстар атқаруда? – Cұрағыңыз – қазіргі өзекті мәсе­лелердің бірі. Мемле­кет басшысы 2019 жылы «Прези­денттік жастар кадр резервін» қалыптастыру туралы бастама көтерген еді. Содан бері агенттік осы бағытта жұмыстар атқарып келеді. Мемлекетті анықтайтын – адам мен қоғам. Жаңа Қазақ­станның кадрлық әлеуеті мықты болса, рухы биік, тәуелсіздігі бе­рік ел болып дамитыны күмәнсіз. Президент атап өткендей, «Жастар кадр резерві – мемле­кет­­тің резерві». Резервті қалып­тастырудағы басты мақсат – көкірегі ояу, көзі ашық жастарды мемлекеттік басқаруға тарту, мемлекеттік аппарат жұмысына жаңа серпін беру. Президенттік жастар кадр резерві бүгінгі таңда өз тиім­ді­лігін көрсетіп отыр. Осы жұ­­мыс қолға алынғаннан бері кад­р­­лық резервке екі рет і­рік­­­­теу өтті. 2019 жылы өткізілген іріктеу мемлекеттік, сондай-ақ квазимемлекеттік секторға бағытталған болса, 2021 жылы өткізілген іріктеу тек мемлекеттік қызметке бағыт­талып, нәтижесінде резервке 50 адам алынып отыр. Осы жол­ғы іріктеуде үміткерлерге мемлекеттік тілді міндетті түрде меңгеру талабы енгізілді. Біз Президенттік жастар кадр резервіне білімді, алғыр, бастамашыл, инновациялық ойлай алатын жастарды ірік­теу­ді тұрақты жолға қою арқылы мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынын қалыптастыруды бастадық. «Ақыл – жастан, асыл – тас­тан» деп бекер айтпаса керек халқымыз. Білімді, еңбекқор, отанға қызмет етуді парыз санайтын жастар – еліміздің тұрақты дамуы мен өркендеуінің басты қозғаушы күші. Қазіргі таңда барлығы 350 резерв өкілінен 222 адам түрлі салада қызмет атқаруда. Олардың қатарында бірінші іріктеуден – 203, екінші іріктеуден өткен 19 резерв өкілі бар. Президенттік жастар кадрлық резервіне үміткерлердің басты мақсаты жеке мансаптық амби­цияларға емес, ең алдымен қоғам­дық мүдделерге негізделуі керек. Кадрлық резервке енудің мәні – үлкен бастық болу емес, ел игі­лігі үшін қызмет атқару. Осын­дай ұстаныммен ғана біз ха­лық­қа сапалы мемлекеттік қыз­мет көр­­се­тетін мемлекеттік бас­­қару ме­нед­­жерлерін қалып­тастыра аламыз. Биік мақсатқа ұмтылған, ең­бек­қор, креативті жас буын – қашан­да елдің арқасүйер тірегі. Ең бастысы, біз жастарымыздың бо­йын­дағы тасқындаған күш-жігер мен білімді ел мүддесіне қызмет етуге бағыттасақ деген ниеттеміз. Жалпы, кадрлық әлеуетті арттыру бағытында сапалы тұрғыдан өзгеріс қажет. Жаңа Қазақстанның мемлекеттік кадр­ларының бо­йында ел­дік мүддені ойлай­тын, принцип­шілдік ұстанымдар болуы керек. Сол арқылы ғана біз мем­лекеттік басқару аппаратын қалып­тастыруда сапалы өзгерістерге қол жеткіземіз. Сапалы кадрды бізге ешкім әкеліп бермейді, олар – қоғамның ішінде. Біздің міндет – соларды тауып, мемлекеттік аппаратқа тартып, іріктеп алу арқылы кәсіби мемлекеттік қызметкерлердің жаңа легін қалыптастыру. – Алдағы уақытта Прези­денттік жастар кадрлық резерв өкілдерімен жұмысты әрі қарай ілгерілету бойынша агенттік қандай іс-шараларды жоспарлап отыр? – Президенттік Жастар кадр резервін ілгерілету мақсатында Мемлекеттік қызмет істері агент­тігі өз тарапынан бірқатар іс-ша­раны жүзеге асыруда. М­әсе­лен, жақында резервті одан әрі жетілдіру бойынша атқары­латын іс-шаралардың жоспары бекітілді. Әлеуетті жұмыс берушілердің резервшілермен өзара іс-қимыл рәсімдерін регламенттеу мақсатында агенттік тарапынан резервшілерді жұ­мысқа орналастыру, олардың ман­саптық өсуін қадағалау және бағалау мәселелерін қам­титын резервшілердің рекру­тинг алгоритмі әзірленді. Соны­мен қатар агенттік «ПЖКР офисі­мен» бірлесіп, резерв аясында жұмысқа орналасу үшін ре­зер­шілердің мансаптық ниет-тілектерінің карталары жасалып, олар резервшілерді тарту бойынша тиісті жұмыстарды жүргізу мақсатында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдарға жіберілді. Ұсынылған механизм бо­йынша мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бос лауазымдарына орналасу агенттік жібер­ген резервшілердің мансаптық тілектеріне негізделеді. Мансап картасын агенттік үнемі жаңар­тып отырады. Қазір агенттік тарапынан мем­лекеттік органдармен және ква­зимемлекеттік сектор ұйым­дарымен кездесулердің тиісті кестесі әзірленді. Яғни осы сәуір айынан бастап әр апта сайын, мемлекеттік орган­дар мен квазимемлекеттік ком­па­ниялардың басшыларымен өтетін кездесулер кестесі жасақ­талды. Бұл кездесулердің басты мақсаты – Мемлекет басшы­сының тапсырмаларын ұтымды жүзеге асыру жолында жаңа идеялар мен көзқарастарды топтастыратын алаң құру. Агенттікке қарасты Мемле­кет­тік басқару академия­сы­ның Коворкинг орталығында Прези­денттік жастар кадр резерві­нің офисі ашылды. Онда Пре­зиденттік жастар кадр резерві өкілдерінің кездесіп, ой бөлісіп, жаңа жобаларды талқылауына, көзқарастарын ортаға салуына мүмкіндіктер жасалған. – Осы орайда тағы бір сұрақ туады. Мемлекеттік басқаруды дамы­тудың 2030 жылға дейін­гі тұжырымдамасында мем­лекеттік аппарат штатын оң­тайландырғаннан кейін келісімшарттық қызмет­шілер инс­титутын енгізу міндеті қо­йылған. Осы келісім­шарт­тық қызметшілер институты жайлы айта кетсеңіз. – Өзіңіз айтып отырған тұжы­рымдамаға сәйкес, ұлттық, сала­лық және өзге де жобаларды іске асыру кезеңіне арнайы білі­мі бар кәсіби мамандарды тар­туға мүмкіндік беретін келісім­шарттық қызметшілер институтын енгізу жоспарланып отыр. Мемлекеттік органдардағы келісімшарттық қызметшілер мем­лекеттік қызметшілер болып саналмайды. Алайда келі­сім­шартқа сәйкес оларға нақ­ты міндеттерді шешуде белгілі бір құзыреттер беріледі. Келісім­шарттық қызметшілердің қыз­меті мен міндеттері бір жылдық мерзімге жасалатын еңбек шартында айқындалады. Келісімшарттық қызметшілер еліміздің заңнамасында бұрын жоқ жаңа лауазымдық санат болғандықтан, оны заңнамалық тұрғыдан енгізу бойынша тиісті іс-қимыл жоспары әзірленді. Бұл бағыттағы жұмысты 2023 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Келісімшарттық қызметші­лерді тарту бірқатар міндетті шешуге ықпал етеді деп күтіледі. Атап айтсақ, мемлекеттік бастамалар мен салалық жобаларды табысты іске асыруды; нақты салада, экономика сегментінде, әлеуметтік салада бірегей, табыс­ты, өзіндік тәжірибені тарату және енгізуді; жаңа технология­лар трансфертін қамтамасыз етуді; инновациялық ойлауды дамытуды; мемлекеттік бастамалар мен салалық жобаларды іске асыру кезінде практикалық өзара іс-қимыл арқылы мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды; мемлекеттік аппаратты басқарудың икемді моделін дамытуды реттей алады. Келісімшарттық қызметші­лер­ді тарту жобасын жүзеге асы­ру қойылған мақсаттарға қол жеткізу барысында жаңа жағ­дайларға жеңіл бейімделуге және мемлекеттік қызмет сала­сын­да икемді кадр саясатын жүргізуге мүмкіндік береді деп отырмыз.
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар