жексенбі, 30 наурыз, 2025 6:41

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Мемлекет басшысы Италия Президенті Серджо Маттарелламен кездесті

Мемлекет басшысы Италия Президенті Серджо Маттарелламен кездесті
Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев Серджо Маттарелланы қарсы алды. Одан кейін мемлекеттер басшылары келіссөз залына барды.

Президент Италия делегациясына ілтипат білдіре отырып, бүгінгі кездесу өзара мүддеге сай келетін екіжақты қатынастардың маңызды аспектілерін талқылау үшін оңтайлы мүмкіндік екенін айтты, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.

– Италияға былтырғы сапарымнан жақсы әсер алдым. Сіздің қонақжайлық танытып, нәтижелі келіссөз жүргізуге барынша жағдай жасағаныңыздың арқасында сапарым өте сәтті өтті. Екі мемлекет түрлі салада тығыз қарым-қатынас орнатқан. Біздің нарықта біраз италиялық компания жұмыс істейді. Олардың қатары қарқынды артып келеді. Мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз да ойдағыдай дамып жатыр. Сондықтан елдеріміздің арасында берік ынтымақтастық қалыптасқан деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Италия Президенті құшақ жая қарсы алғаны үшін ризашылығын білдіріп, бұл кездесу екі ел арасындағы шынайы достықтың көрінісі екенін айтты. Сондай-ақ ол екіжақты қатынастардың қазіргі жағдайын жоғары бағалап, өзара стратегиялық серіктестікті кеңейтуге мол мүмкіндік бар екенін атап өтті.

– Біз шын мәнінде барлық бағытта, соның ішінде саяси, экономикалық, сауда және мәдени салаларда тамаша байланыс орнаттық, – деді Серджо Маттарелла.

Әңгімелесу барысында президенттер сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту перспективасын егжей-тегжейлі талқылады.

Мемлекет басшысының айтуынша, Италия Қазақстанның басты сауда серіктестерінің арасында үшінші орын алады, сондай-ақ экономикамызға қаржы құйған бес ірі инвестордың қатарына кіреді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда айналымы 20 миллиард долларға жуықтаған. Қазақстанда кәсібін жүргізетін 250-ге тарта италиялық компания мұнай-газ, жаңартылатын энергия, машина жасау және ауыл шаруашылығы салаларының дамуына елеулі үлес қосып келеді.

Бұдан бөлек, мемлекеттер басшылары жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Арайлы Жақсылық
Автор

Арайлы Жақсылық

Арайлы Жақсылық

Ұқсас жаңалықтар