Тоқаев Абу Дабиде Жамбыл облысында ауқымды жел электр станциясын салу жөнінде келісімге қол жеткізді
- авторСадуақас Айсұлу
- Бүгін, 12:01
- 64
Қасым-Жомарт Тоқаев Абу Дабиге жұмыс сапары аясында Masdar компаниясының бас атқарушы директоры Мұхаммед Әл-Рамахимен кездесу өткізді, деп жазады Jambylinfo.kz. Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Masdar компаниясы арасындағы серіктестік жаңа әрі сапалы деңгейге көтерілгенін атап өтті. Президент компания өкілдерімен бірге Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясының құрылысын жүзеге асыруға қатысты келісімдерге қол жеткізілгенін айтты. Аталған ірі жобаға 1,4 миллиард доллар инвестиция салынады.
Өз кезегінде Мұхаммед Әл-Рамахи компанияның құрылыс жұмыстары бойынша жоспарымен бөлісті. Сондай-ақ жоба аясында жел турбиналарының өндірісіне жергілікті өнімдерді қолдануға қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мұхаммед Әл-Рамахи Masdar компаниясының Қазақстандағы қызмет аясын кеңейте отырып, жаңартылатын энергетика және цифрландыру салаларындағы маңызды жобаларды іске асыру жөнінде пікір алмасты.