жұма, 22 қараша, 2024 0:47

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Мен бақытты бапкермін»: Бүгін 54 жасқа толған Ғалымжан Жылгелдиев өміріндегі ең үлкен жетістігін айтты

«Мен бақытты бапкермін»: Бүгін 54 жасқа толған Ғалымжан Жылгелдиев өміріндегі ең үлкен жетістігін айтты
коллаж jambylinfo.kz.
Бүгін Елдос Сметовтың жеке бапкерінің туған күні

Бүгін ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалымжаны Жылгелдиев 54 жасқа толып отыр. Осы орайда Jambylinfo.kz тілшісі қазақ дзюдосын әлемге танытқан бапкермен тілдесті. Сұхбат барысында ол өміріндегі ең үлкен жетістігі, отбасы жайлы, жеке өміріндегі жаңалықтары, Олимпиададан кейінгі бапкерлерге қоғам тарапынан айтылған сын туралы өз ойын ортаға салды.

- Бүгін мерейлі 54 жасқа толып отырсыз. Жаңа жасыңыз құтты болсын! Аға, осы жасыңызда өмірден не түйдіңіз?

-  Көп рахмет. Мен бүкіл өмірімді спортқа арнаған адаммын. Ең бастысы анамыз, жанұямыз қасымызда. Мен бақытты адаммын. Себебі, бұл өмірде өз орнымды таптым. Менің сүйікті жұмысым бар. Бала күнімнен спортты жақсы көрдім. Кейінірек бапкерлік қызметке келгенде де балалардың жағдайын жүргіммен түйсініп, сезе білдім.  Иә, бапкер болу, чемпионды дайындау оңай емес. Бірақ адал еңбек ақталады.  Елдос екеуіміздің ең үлкен жетістігіміз 2014 жылы Азия ойындарында басталған. Ересектер арасында осы жарыста тарихты жаңартқан едік. Одан бері халықаралық жарыстарда құр алақан қайтқан емеспіз.  Оның қайсыбірін айта береміз. Бүгінгі күнгі жетістігім – осы жасыма дейін еткен еңбектің жемісі деп санаймын.

Үш олимпиада қатарынан қоржындарыңыз бос қайтқан жоқ.  Париж Олимпиадасында алған алтын медаль қазақ спорты тарихында алтын әріптермен жазды. Елдос ел мерейін тасытты.  Қазір қандай сезімде жүрсіз?

-  Бұл сөзден айтып жеткізе алмайтын тамаша сезім. Рас, үш олимпиадада жүлдесіз қайтқан жоқпыз. Елдос 2016 жылы Риода күміс алса, 2020 жылы Токиода қола жүлдені еншіледі. Бірақ, алтынның орны мүлде бөлек екен. Біз оны қазір сезініп жатырмыз. Күміс, қола, алтын қалай болды десеңіз, үшеуінде үш түрлі сезім. Үшеуінде де көрсетілген құрмет аз болған жоқ. Бірақ, бұл жолғы жеңісті дәмі тіпті ерек. Бұл алтын елдің мерейін тасытып, қазағымыздың рухын аспандатты.

- Төртжылдықтың басты додасы дүрілдетіп өте шықты. Ұлттық құраманың жұмыс нәтижесін қалай бағалайсыз?

- Бір ғана алтын медальмен 43 орынға тұрақтадық. Тағы бір-екі алтын болса, көрсеткіште жоғарылайтын едік. Әрине, біз бұны армандадық. Әлі де армандаймыз. Енді алдағы уақытта жұмысты жандандыра түсеміз. Бұйыртса, келесі Олимпиададағы көрсеткіште ондыққа кіру үшін жұмыс істейміз. Мен де бізде чемпиондар көп шықпағанына өкінемін. 

- Енді қазір бапкерлер тарапына айтылып жатқан сын көп. Бұған не дейсіз?

-  Қазір бәрі бапкерлерге кінә тағып жатыр. Ешкімді кінәлауға болмайды. Енді бұйрық сондай боп тұр ғой. Бұл бүкіл еліміз үшін сынақ болып тұр. Әйтпесе барлық бапкер еңбек етті. Мен соның ішінде болып, бәрін көрдім. Әр бапкер спортшы үшін шыр-пыр болып, аянып қалған жоқ. Мұны дұрыс түсіну керек. Бұл – сынақ. Бүкіл еліміз, спортымыз қазір сыналып келе жатыр. Біз сол сынақтан өтуіміз керек. Сонда ғана жеңіске жетеміз. Сол үшін біз көбірек дұға жасап, спортқа әлі де көп көңіл бөлуіміз керек.

- Аға, туған күніңізді қалай атап өтесіз?

- Туған күнімді өз жанұяммен атап өтемін. Спортшылар, оқушыларым, достарым келеді. Көп адамды шақырған жоқпын. Өз жанұяммен жаңа жасымды қарсы алғанды жақсы көремін.

- Сұқбаттыңызға көп рақмет.

 

 

 

 

 

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар