жұма, 5 желтоқсан, 2025 17:18

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Меркі ауданында “Қасқасу” шекаралық бекеті ашылды

Меркі ауданында “Қасқасу” шекаралық бекеті ашылды
Фото - ашық дереккөз
ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне қарасты Меркі ауданының таулы аймағында жаңа шекаралық бекет бой көтерді.

   «Қасқасу» деп аталатын бұл нысан мемлекеттік шекараны күзетудің жаңа деңгейін көрсетіп, сарбаздардың өміріне де, қызметіне де қолайлы жағдай жасайды. Ашылу салтанатында лентаны қиып, жаңа бекетті ресми түрде пайдалануға берген Меркі ауданы бойынша шекара басқармасының бастығы полковник Тимур Ринардович Медетов болды. Ол өз сөзінде мемлекет тарапынан шекара қауіпсіздігіне деген ерекше назардың айқын дәлелі екенін атап өтіп, сарбаздарға адал қызмет пен қажыр-қайрат тіледі.

   Жаңа шекаралық бекет заманауи талаптарға толық сай тұрғызылған. Таулы өңірдің табиғи қиындығы мен ауа райының құбылмалылығына қарамастан, мұнда сарбаздардың жайлы тұрмысына және үздіксіз кезекшілігіне барлық мүмкіндік қарастырылған. Ішінде жарық әрі жылы жатын бөлмелер, асхана, тұрмыстық жайлар, сондай-ақ бейнебақылау жүйелері мен байланыс құралдары орнатылған. Әрбір бөлшек шекарашылардың қырағылықпен қызмет атқаруына бағытталған.

    Бұл нысан «Андас батыр» шекара бөлімшесінің қарамағына берілді. Бөлімше бастығы капитан Сырым Махсатұлы Матай үшін бұл үлкен жауапкершілік әрі сенім. Ол жаңа бекеттің ашылуын бөлімшенің қызметін жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам деп бағалап, шекарашы сарбаздардың жауынгерлік рухын арттыратынын ерекше атап өтті. Таулы аймақтағы әрбір қадамды күзету оңай емес, дегенмен «Қасқасу» бекеті арқылы шекара қауіпсіздігі бұрынғыдан да сенімді бола түспек.

     Ашылу рәсіміне қатысқан шекара басқармасының жеке құрамы мен Меркі аудандық әкімдігінің өкілдері бұл сәттің тарихи маңызын бөлісіп, сарбаздарға табыс тіледі. Жергілікті тұрғындар үшін де бұл қуанышты оқиға, себебі жаңа нысан олардың тұрмыс-тіршілігінің тыныштығын қамтамасыз етуге ықпал етеді. Әрбір сарбаздың қырағы көзқарасы мен адал қызметі елдің тыныштығының кепілі болып қала береді.

    «Қасқасу» шекаралық бекеті тек қана қызметтік нысан емес, бұл – шекарашылардың туған жерге деген адалдығының, мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұтастығын қорғаудағы жауапкершілігінің көрінісі. Таулы қыратта желмен бірге желбіреген көк Ту астында қызмет ететін сарбаздар үшін бұл бекет олардың серті мен борышын айқындайтын қасиетті мекенге айналды.

 

Бөлісу:
Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар