Мейірімді магазин – мұқтаж жандарды аш қалдырмайды
- авторjambylinfo.kz
- 12 маусым, 2024
- 432
Ол бала кезінен адамдарға қамқорлық жасап, «дүкенші болып, мұқтаж жандарға қажетін жеткізіп тұрсам» деп армандайды. Расында қамқорлық жасағанды жаны сүйетін Айғаным арманына жетіп, есейгенде азық-түлік дүкенін ашты. Дүкен аймағындағы 1,2,3-ші мөлтекаудандарды былай қойғанда, алыстан ат арытып жететіндер де бар. Тіпті ауылдардан да адам үзілмейді. Айғаным барлық тұтынушысына бірдей көңіл бөледі екен.
– Талас ауданынан келетін Нұржан деген ағаның келіншегі жұмыссыз, 9 балалары бар. Сол балалардың сүті мен ұны, қант, шайына дейін беріп тұрамын. Кейде төлегісі келеді, ондайда тауар бағасын төмендетіп беремін. «Сол балалар аш қалмасын» деп, өзім қоңырау шалып, шақырып тұрамын. Себебі олар сұрауға ыңғайсызданатынын сезем. Одан бөлек қиналып жүрген мұқтаж отбасыларға менің дүкенімнің мекен-жайын беретіндер өте көп. Мен оларға көмектескеннен банкрот болып қалмадым, қайта табысым өсіп, Алланың алдында сауапқа кенелдім. Ешкімнің қолын қайтарғым келмейді. Жағдайы жақсы адамдар ризалығын білдіріп, қаржат тастап кететін кездер де кездесіп тұрады. Кейбір көпбалалы отбасының балалары мектеп бітіріп, өздері қаражат тапқанда, мені іздеп келіп, гүлдерін, сый-сияпатын беріп, «сіздің арқаңызда тоқ жүрдік» деп алғысын айтып жатады. Мен үшін адамдардың алғысын алудан асқан бақыт жоқ, –дейді Айғаным. Бір қызығы Айғаным камераны ұнатпайды екен. Кейбіреулер «Мейірімді магазиннің» егесіне жарнама жасағысы келеді, бірақ жүрегі жұмсақ келіншек ондайдан ат тонын ала қашады.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз