Жаңалықтар
Министрлік өз міндетіне салғырт қараған мердігерге қатысты шешім шығарады
- авторjambylinfo.kz
- 19 сәуір, 2021
- 187
Министрлік өз міндетіне салғырт қараған мердігерге қатысты шешім шығарады
Еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов жұмыс сапарымен облысымызға ат басын бұрды. Ол облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолының құрылыс учаскелерін аралап, Шу ауданы әкімдігінде арнайы кеңес өткізді.
Министр Бейбіт Атамқұлов пен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Шу ауданында орналасқан арнайы экономикалық аймақтың басшыларымен және «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолының құрылысына жауапты мердігерлермен кездесті. Басқосу барысында өңір басшысы жол жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан қытайлық компанияның өз міндетіне салғырт қарап отырғандығын жеткізді.
– Жұмыс жоспарына сәйкес Меркі мен Шудың ортасындағы жол межелі мерзімде аяқталуы тиіс болатын. Алайда қытайлық мердігер компанияның жұмысшылары екі айдан аса уақыт жұмыс істемегендіктен және техника мен адам санының жетіспеуі салдарынан жұмыс тұралап қалды. Мердігерлерге жергілікті билік тарапынан қажетті техника мен қосымша жұмысшылар ұсынылғанымен, олар бас тартқан еді. Нәтижесінде, жұмыс уәделі уақытта орындалмай отыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен жергілікті билік бірлесе отырып, жауапты мердігерлердің аталған жолдың құрылысын жыл соңына дейін аяқтап, ел игілігіне беруін қатаң қадағалауы қажет. Бұдан бөлек, Шу ауданында орналасқан «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағындағы жұмыстар әлі күнге дейін «Баяғы жартас, сол жартастың» күйін кешіп тұр. Бүгінгі күнге дейін 12 инвестициялық жоба жүзеге асуы керек болған. Өкінішке қарай, қазіргі таңда тыңайтқыш шығаруға арналған бір ғана кәсіпорын іске қосылды. Оның өзі тиісті деңгейде жұмыс істемей тұр, — деді Б.Машбекұлы.
Министр Б.Атамқұлов та жол жөндеу жұмыстарына көңілі толмайтындығын жеткізді.
«Жамбылдағы жол жөндеу жұмыстарын өткен жылы өз көзіммен көріп, жауапты мердігерлермен кездестім. Бас мердігерлер «Син Синь» ЖШС мен «АБК-Автодор НС» ЖШС өздеріне тиесілі жолдың құрылысын аяқтаудың нақты мерзіміне байланысты берген уәделері әлі де орындалмады. Министрлік жуық арада бас мердігерлердің келесімшарттағы жауапкершілігі мен міндеттемелерін жеке-жеке зерделеп, нақты шешім шығаратын болады», — деді министр.
Нұрдаулет Асан
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала