жексенбі, 23 наурыз, 2025 23:12

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Наурыз – жаңару мен жаңғырудың бастауы

Наурыз – жаңару мен жаңғырудың бастауы
Фото: Jambylinfo.kz
Дмитрий Карбышев атындағы №16 орта мектебінде "80 жылдық мерейтойға – 80 ағаш" акциясы өтті

 Наурыз – табиғаттың жаңаруы мен мейірімділіктің, бірліктің символы. Бұл мереке биыл Дмитрий Карбышев атындағы №16 орта мектебінде ерекше форматта атап өтілді. Оқу орнының 80 жылдық мерейтойына орай 19 наурыз – Жаңару күні қарсаңында экологиялық әрі мерекелік мәні зор «Мектебіміздің 80 жылдық мерейтойына – 80 ағаш» акциясы ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Шараға мектеп түлектері, ата-аналар, оқушылар мен педагогикалық ұжым белсене қатысып, 80 түп туя ағашы мен раушан гүлдерін отырғызды. Бұл бастама білім ордасының тарихын дәріптеумен қатар, қоршаған ортаға қамқорлық танытуға және экологиялық мәдениетті насихаттауға бағытталды.

Акцияның ашылуы «Жаңару күні» атты сахналық қойылыммен басталды. Көрермендерге көктем мен табиғаттың жаңаруын бейнелейтін әсерлі көріністер ұсынылды. Бұдан кейін «Наурыз-думан» атты мерекелік концерт, «Ұлттық ойындар шеруі» спорттық жарысы және «Ақ бауырсақ» атты ұлттық тағамдар жәрмеңкесі өтті.

Ұлттық ойындар шеруінде қатысушылар асық ату, арқан тарту, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, бес асық, тақия тастамақ, ханталапай, аударыспақ сияқты дәстүрлі ойындарда бақ сынап, қазақ халқының мәдени мұрасын сезіне түсті.

Ал «Ақ бауырсақ» іс-шарасында балалар ата-аналарымен бірге ұлттық тағамдар жәрмеңкесін ұйымдастырып, қонақжайлық пен мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Іс-шараға қалалық білім бөлімі, әкелер кеңесі, ата-аналар комитеті, мектеп оқушыларының отбасылары, түлектер мен ардагер ұстаздар қатысып, ағаш отырғызу акциясына қолдау білдірді. Бұл бастама туған мектепке, табиғатқа деген құрметтің белгісі болып, өскелең ұрпақты экологиялық мәдениетке, ұлттық құндылықтарға баулуға бағытталды.

Наурыз мерекесі – жаңару мен жаңғырудың бастауы. Бұл іс-шара мектеп тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі ретінде есте қалмақ. Табиғатты аялау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ұрпақ сабақтастығын нығайту мақсатында ұйымдастырылған мерекелік күннің басты құндылықтары – бірлік, татулық пен жаңару ерекше дәріптелді.

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар