Pухани келісім – бұл әлеуметтік тұрақтылықты сақтаудың және халықтың бірлігін нығайтудың бірден-бір жолы. Біз ынтымағы мен татулығы жарасқан берекелі мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Біздің қоғам әрқашан татулық пен бірлік деген кезде жұдырықтай жұмылып, ауызбіршілігін сақтап, бір-бірі үшін қолынан келгенін аямай, татулықта өмір сүріп келеді. Қазіргі әлемде ұлтаралық татулықты сақтау – ең өзекті мәселелердің бірі.
Қазақта «Oтаны бірдің тілегі бір, тілегі бірдің жүрегі бір» деген даналық сөз бар. Ішкі caяси тұрақтылықты әртарапты қоғамдық құбылыс ретінде тануға болады және оған экономикалық, әлеуметтік, діни, этникалық, тілдік сынды тағы да басқа бірқатар факторлар әсер етеді.
Ұлтаралық келісім мен татулық – қазақ қоғамындағы маңызды және ерекше жетістіктердің бірі. Бұл жайында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Біз «бірлік пен тұрақтылық болмаса, саяси-экономикалық реформалар жүзеге аспайды» дейміз. Әрине, бұл – дұрыс пайым. Бірақ бірлік дегеніміз мақсатымызға апаратын жол ғана емес. Бұл – мемлекеттілігіміздің ең басты тірегінің бірі.
Еліміздің тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы бәрінен қымбат. Ел бірлігі осы мызғымас құндылықтармен қатар тұруға тиіс. Сонда ғана болашағымыз баянды болады. Татулық пен келісім тек мемлекеттік саясатта емес, қоғамда, үйде, ұжымда, жалпы барлық жерде дәріптелуі қажет. Бұл жалаң ұран емес, әр азаматтың күнделікті ұстанымы болуы керек.
Халқымыз бірліктің және тыныштықтың қадірін біледі. Бұл – небір қиын-қыстау заманды өткерген, қазақ жерінен пана тапқан барша этностар үшін де қымбат құндылықтар. Осы құндылықтарды бағалай білгеннің арқасында жұртымыз бейбіт өмір сүріп жатыр. Бұл – теңдессіз жетістік!
Әрбір азамат бірлікті нығайту үшін қызмет етуі керек. Бұл қызмет ешқашан тоқтамайды, үздіксіз жалғаса береді. Өйткені бірлік болса ғана тірлік болады. Біз осы мызғымас қағидаға әрдайым адал болуымыз керек. Татулық пен келісімнің ерекше маңызды екенін жұрттың бәрі бірдей сезінбеуі мүмкін. Сол себепті кейде «Ассамблеяның қажеті жоқ» деген ұшқары, яғни күмәнді пікірлер айтылып жатады. Шын мәнінде, Ассамблея – мемлекеттілігіміздің іргесін бекітіп тұрған басты институт.
Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылым. Ассамблея қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этносты ұйыстырып отыр. Онда еңбек етіп жүрген азаматтарды бірліктің елшісі деуге болады. Баршаңыз осы маңызды миссияны абыроймен атқара бересіздер деп сенемін», – деген болатын.
Аталған сөздердің дәлелі ретінде Жамбыл жерін мекен еткен 87 ұлт пен ұлыс өкілдерінің өзара арақатынасын, ауызбіршілігін нығайту мақсатында ауқымды шаралар қолға алынған. Әсіресе өңірдегі азаматтардың құқықтарының теңдігін қамтамасыз ету, ксенофобия мен этникалық және тілдік белгілері бойынша кемсітушілік және этносаралық шиеленістің алдын алу бойынша жұмыстар жүйеленіп, жолға қойылған.
Бұл істе кәсіби тренер-медиаторларды тарта отырып, жоғары оқу орындары мен жалпы білім беретін мектептердегі оқу орындарының қызметкерлері үшін шеберлік сыныптарын өткізудің, сондай-ақ білім беру ортасындағы жанжалды қатынастарды шешу стратегиясы, алдын алу әдістері, себептері туралы семинарлар мен кездесулер өткізудің пайдасы мол болып отыр.
Жалпы Жамбыл облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстан Республикасы «Медиация туралы» Заңының қабылдануына сәйкес, медиация институтын ілгерілету миссиясын атқаруға кіріскен болатын. Аталған жұмыстардың аясында облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінде республикада алғашқылардың бірі болып медиация кабинеті ашылып, сенім телефоны орнатылған еді. Қазіргі кезде қоғамдық қабылдау бөлмесі табысты жұмыс істеп келеді. 25 медиация алаңында халыққа практикалық және медиативтік көмек көрсету бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Өткен жылы және ағымдағы жылдың 5 айында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы медиаторларына 1 368 азамат жүгініп, 857 жанжал мен даулы жағдай оң шешілді. Оның ішінде отбасылық-тұрмыстық – 247, білім саласында – 34, қылмыстық – 149, азаматтық – 389 және 38 еңбек мәселесі бойынша даулы жағдай сотқа жеткізілмей, тараптардың өзара келісімге келуі арқылы мәресіне жеткізілді.
Сонымен қатар медиация кабинетінің 2022 жылы бітімгершілік рәсімдерді насихаттау бойынша жүргізген жұмысының нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда медиация кабинеттеріне түскен өтініш 4,8 пайызға өскенін байқауға болады. Бұл өңірдегі медиация институтын танымал ету ісінен жамбылдық азаматтардың хабары бар екенін білдіреді.
Ал шешілген қақтығыстар мен даулы жағдайлар өткен жылмен салыстырғанда 17,6 пайызға азайған. Көрсеткіштердің төмендеуіне Ашық есік күндерін, халық жаппай баратын орындарда қоғамдық қабылдауларды ұйымдастырудың әсері тиіп отыр. Сондай-ақ соттарда татуластыру рәсімдерінің белсенді қолданылуы да дауларды бейбіт жолмен шешуге көмегін тигізіп келеді.
Білім беру саласында да медиация шаралары кеңінен қолданылуда. Ол балалардың құқықтарын қорғауды ғана емес, сонымен қатар қауіпсіз кеңістікті, тең мүмкіндіктерді қалыптастыру және олардың мүдделерін қорғау үшін жағдай жасайды.
Білім беру ұйымдарында қауіпсіз кеңістікті қалыптастыру үшін Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының медиация кабинеті құқықтық түсіндіру және ақпараттық-насихаттау жұмыстарын тұрақты жүргізуде. Өңірдегі мұғалімдер мен оқушылар арасында консультативтік-әдістемелік кездесулер, дәрістер, әңгімелер, оқу сабақтары, семинар-тренингтердің медиативтік тәсілі қолданылып, бала мен ересек адамның жеке басын тәрбиелеуге ықпал етеді.
Атап айтқанда, артта қалған жылы дөңгелек үстел отырыстары және басқа да өткен кездесулер барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы медиаторлары білім беру саласының өкілдерімен бірлесіп, медиацияны білім беру жүйесіне енгізу жөнінде ұсыныстарын әзірлеп, енгізді. Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы медиаторы Ғайни Көшекбаеваның мектеп медиациясы қызметі туралы ереже мен әдістемелік құралы ұсынылды.
Облыстың барлық орта мектептерінде «Мектеп медиациясы» кабинеттері мен бұрыштары ашылған. Үстіміздегі жылдың 25 сәуірінде мектеп медиаторларымен өткен кездесуде білім берудегі медиация кабинеттерінің жұмысын одан әрі жетілдіру мәселелері, сондай-ақ «Мектептер мен колледждердің үздік медиация кабинеті» конкурсын ұйымдастыру және өткізу мәселелері талқыланды. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, туындайтын даулы мәселелерді шешудің алгоритмі таңдалған мектептерде жанжал жағдайларының саны әлдеқайда аз болып отыр. Өйткені оларда жанжалдарды шешуге оқытылған қызметкерлердің болғаны өзінің оң нәтижесін беріп келеді.
Білім беру ортасында жанжалды қатынастарды шешу стратегиясын, алдын алу әдістерін әзірлеу үшін жыл сайын «Білім беру саласында медиаторлық қызметті ілгерілету жолдары» атты облыстық семинарлар өткізу қолға алынған. Семинарларда медиативтік тәсіл қағидаттары негізінде даулар мен жанжалдарды шешуде білім беру процесіне қатысушыларға көмек көрсету, агрессивті және қоғамға жат көріністердің, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу, сондай-ақ білім беру ортасындағы жанжалдағы сындарлы мінез-құлық мәдениетін тәрбиелеу тақырыптары талқыланады. Білім беру саласындағы медиацияның даму тенденциялары, құқық қорғау, отбасы мен мектептің медиация қызметінің профилактикалық жұмысы сынды мәселелер көтеріледі.
Медиацияның балалар және жасөспірімдермен жұмыс істеудегі рөлі аса маңызды. Оқушылар мен студенттер медиация негіздерімен және оның жанжалдарды шешудегі қолданылуы жолдарымен танысып, медиаторларға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, кеңестер алады. Өткен жылы «Үздік мектеп медиаторы» облыстық байқауы өтті. Онда Қазақстан халқы Ассамблеясының медиаторлары конкурстық комиссияның құрамына кірді. Облыстық және республикалық байқаудың жеңімпазы, Тараз қаласы Төле би атындағы №8 гимназияның 11-сынып оқушысы Қайсар Аманжанұлының медиация саласындағы білімі мен жетістігі облыстағы өзге де оқушыларға үлгі боларлықтай.
Қазақстандағы этносаралық шиеленістер мен қақтығыстардың өсуіне байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясының медиациясын интеграциялау және оны этномедиацияға қайта форматтау қажеттілігі туындап отыр. Біздің аймақтың полиэтникалық болуына орай медиацияның бірқатар өзіндік ерекшеліктері бар. Кез келген тұрмыстық жанжал этникалық реңктермен боялуы мүмкін, сондай-ақ оған қызығушылық танытатын көптеген «арандатушылар» іске араласуы да ықтимал. Біздің өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, этносаралық ахуал үнемі бақылауда ұстап отыруды талап етеді. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде 2022 жылғы 6-8 сәуір аралығында «Қоғамдық келісім» мекемесінде «Дағдарыстық және жанжалды жағдайларға ден қою алгоритмі» семинар-тренингі ұйымдастырылып, қатысушыларға этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясат түсіндірілді. Мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, білім басқармасының қызметкерлері, Тараз қаласы мен облыс аудандарының мектеп директорлары этносаралық ортадағы жанжалды жағдайлардың алдын алу бойынша ұлтаралық қатынастарды үйлестіруге бағытталатын оқытудан өтіп, сертификат алды.
Өткен жылғы 28 ақпаннан 4 наурызға дейін этномедиация және этносаралық қатынастар саласындағы кәсіби келіссөз жүргізушілер курстары ұйымдастырылып, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, білім беру жүйесінің өкілдері, этномәдени бірлестіктердің басшылары және Қордай, Шу, Меркі, Байзақ және Жамбыл аудандарының медиаторлары жанжалдарды реттеу, келіссөздер жүргізу, тұлғаның психологиялық ерекшеліктері мен бұқарамен жұмыс істеу дағдыларын игерді. Алынған базалық білім әлеуметтік қақтығыстар туындаған жағдайда оларды шешу үшін пайдаланылады. Бұл жұмыс биыл да жалғасын табады.
Дауларды соттан тыс реттеу және оларды іске асыру тетіктері мен татуластыру рәсімдерінің қолданылуын кеңейту мақсатында Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі келесі жайттарды назарда ұстауды ұсынады. Атап айтқанда, білім беру саласындағы этносаралық қақтығыстарды азайту үшін облыстың жалпы білім беретін мектептерінде тәрбие жұмысына жауапты орынбасар, психологтардың медиативтік құзыреттерін жетілдіруді жалғастыру қажет. Сонымен қатар орта және жоғары оқу орындарында медиация бойынша тренингтер, арнайы курстар енгізу мүмкіндіктері қаралғаны абзал. Облыстық ассамблея, мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп сот, прокуратура, Полиция департаменті, білім, денсаулық сақтау басқармалары, адвокат, судьялар одақтарымен, нотариаттық палата, жоғары оқу орындары, медиация орталықтары, этномәдени бірлестіктер, қоғамдық медиаторлармен өңірдегі азаматтық істердің жекелеген санаттарын медиациялаудың артықшылықтары бойынша тұрақты негізде жұмысты жандандыру керек. Осы қатарда медиацияның маңыздылығы туралы халықты кеңінен хабардар ету де басты жұмыстардың бірі болмақ.
Медиация – бұл келісімге апаратын жол. Қазақстан халқы өңірлік ассамблеясының медиация қызметі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға өз үлесін қосуда. Қазақстан халықаралық қауымдастық алдында қоғамды біріктірудің жоғарғы үлгісін көрсетіп отыр. Біздің еліміз этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау бойынша үлкен тәжірибеге ие және осы салада әрдайым тиімді ынтымақтастыққа дайын.
Біз дос боламын деген aдамға құшағын айқара ашқан кеңпейіл халықпыз. Қазақстан халықаралық сарапшылар мойындаған ұлттар мен нанымдар арасындағы үйлесімділіктің ерекше моделін жасады. Eліміздің дана басшылары әрдайым бірлік пен ынтымақтастыққа үлкен мән берген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Біздің қоғам – ортақ идеалдар мен құндылықтар біріктірген еркін әрі жауапкершілігі мол азаматтардың одағы. Бұл – жалпыұлттық бірегейлігіміздің тағы бір жарқын көрінісі. Сондықтан бүгінде азаматтарымыздың барлығы өздерін үлкен әрі біртұтас қазақ отбасының, шын мәнінде, қазақ ұлтының мүшесі сезінеді. Біз бәрі-міз – бір отбасымыз. Бұл артық айтқандық емес. Бұл – біздің шынайы болмысымыз. Осы ретте біз мақтаныш ететін этномәдени әралуандығымыз ешқайда жоғалып кетпейді. Керісінше, біртұтас азаматтық негіз есебінен нығая түседі.
Елімізде түрлі мәдениет дәстүрлері жалпыұлттық бірегейліктің берік іргетасы болып қаланатын өзімізге тән айрықша өмір сүру салты қалыптасты. Осынау ерекше бірегейлігіміз уақыт тезіне төтеп беріп, қоғамдық сананың өзегіне айналды. «Бірлігіміз – әралуандықта», «Түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт» қағидаттары – бұл ұран емес, күнделікті тұрмыс-тіршілігіміздің мәні.
Қазақстандағы барлық этнос өкілдері қазақтың болмысын бойына сіңіруде. Елімізде қазақтың салт-дәстүрін ұстанатын өзге ұлт өкілдері өте көп. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Қазақстан олар үшін туып-өскен, ержеткен, білім алған, отбасын құрған қастерлі мекені, Отаны болып саналады. Бұл – табиғи үрдіс.
Дәстүрлердің осылайша біте қайнасуы, этносаралық және конфессияаралық келісім, өзге мәдениетке толерантты болу – біздің баға жетпес байлығымыз, қазіргі тілмен айтсақ, ұлттық брендіміз. Отансүйгіштік, әдептілік, қонақжайлық, еңбекқорлық, халықтық дәстүрлер мен отбасы құндылықтарын құрметтеу ұлтымыздың мәдени және адамгершілік қасиеттері саналады. Мұны бүкіл қоғамымыздың адамгершілік негізі деп айтуға болады. Әр адамның ішкі моральдық өзегі туралы ұлтымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан таным-түсінігі осыған сүйенеді.
Ұлы Абайдың «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден ерек» деген сөзі бар. Расында, санасы сергек, жауапкершілігі жоғары адамдар ғана қоғамды жаңғыртады, түрлі этностар мен мәдениеттердің басын қосқан ұлтымызды алға қарай жетелейді.
Әр азаматтың Отанға деген сүйіспеншілік сезімінен, туған елінің тағдырына бейжай қарамайтын жауапкершілігінен ұлтымыздың жаңа сапасы көрініс табады. Еліміздің барлық азаматы үшін ең дұрыс өмірлік ұстаным осы деп санаймын. Менің ойымша, еліміздегі үйлесімді этносаралық қатынастың сыры да – осында», – деп атап өткен болатын.
Рухани келісім – біздің ұлтымызға тән үлкенді cыйлау, oтбасыға құрмет, балаларға қамқорлық, қонақжайлық, татулық, достық, aуызбіршілік тәрізді ізгі oртақ құндылықтармен сабақтасады. Халықтардың татулығы мен бірлігі eліміздің гүлденуі мен өркендеуіне ықпал eтеді. Сонымен бірге барша қазақстандықтар қоғамның рухани келісіміне үлес қосып, eң қымбат байлығымыз – тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық мәртебемізді көтеруге ұмтылуы тиіс. Бұл байлықты бағалай білу және оны жас ұрпақтың жүрегіне ұялату – еліміздің жарқын болашағының кепілі.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Жайлы тұрғын үй – өңірлерді дамытудың тиімді жолы
Ұқсас жаңалықтар
Анаға тағзым орталығында жеңімпазбен кездесу өтті
- авторСадуақас Айсұлу
- 25 желтоқсан, 2024
25 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды
- авторСадуақас Айсұлу
- 25 желтоқсан, 2024