Олжас Бектенов ESTA Construction компаниясымен $1,3 млрд инвестициялық келісімді екі апта ішінде жасасуды тапсырды
- авторjambylinfo.kz
- 4 наурыз, 2025
- 178

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов ESTA Construction компаниясының бас директоры Мұстафа Топракпен кездесіп, Маңғыстау облысында карбамид пен аммиак өндіретін зауыт құрылысына қатысты мәселелерді талқылады, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Құны $1,35 млрд болатын бұл жоба «Құрық» теңіз порты маңында ірі газ-химия өндірісін құруды көздейді. Зауыт жылына 700 мың тоннаға дейін карбамид және 42 мың тонна аммиак өндіреді. Бұл қадам елдің тыңайтқышқа деген импорттық тәуелділігін төмендетіп, агроөнеркәсіп кешенін жоғары сапалы өнімдермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жоба аясында 3 мыңға дейін маман құрылыс жұмыстарына тартылып, іске қосылғаннан кейін 400 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Қазіргі таңда Қазақстанда аммиак селитрасы, аммофос және аммоний сульфаты сияқты тыңайтқыш түрлері шығарылады. Дегенмен, елдегі жалпы сұраныс 3,2 млн тонна болса, өндірістік қуаттар бұл сұраныстың тек 56%-ын ғана қамтып отыр.
Премьер-министр карбамид өндірісін жолға қоюдың маңыздылығын атап өтті:
"Ауыл шаруашылығын дамыту – еліміздің басым бағыттарының бірі. Өткен жылы егін жинау бойынша рекордтық көрсеткішке жеттік. Үкімет фермерлерді қолдау үшін 700 млрд теңге бөлді. Сондықтан карбамид өндірісін жолға қою ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз етіп, импорттық тәуелділікті азайтады."
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы өндірушілерін мемлекеттік қолдау мәселелері де қарастырылды. 2024 жылдың наурызынан бастап тыңайтқыштарды аванстық субсидиялау тетігі енгізілді, бұл өндірушілерге қаржылық қолдау көрсетіп, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге көмектеседі. Өткен жылы субсидиялауға 46,4 млрд теңге бөлінсе, 2025 жылға 35 млрд теңге қарастырылған.
Кездесу қорытындысы бойынша уәкілетті органдарға барлық қажетті рәсімдерді жеделдетіп, екі апта ішінде инвестициялық келісімге қол қоюды ұйымдастыру тапсырылды.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз