Қордай ауданы Қарасай ауылында мәдениет үйі пайдалануға берілді
- авторjambylinfo.kz
- Бүгін, 09:49
- 57
Қордай ауданы Қарасай ауылында 180 орындық мәдениет үйі халық игілігіне берілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Әлеуметтік нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Бегзат Болатбеков, аудандық мәслихат депутаттары, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты.
- Қарасай ауылының жаңа мәдениет үйі ел игілігіне қызмет етіп, өнер мен мәдениеттің ордасына айналатынына сеніміміз зор, – деді құттықтау сөзінде аудан басшысы.
Мәдениет үйінің құрылысы «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізілді. Ғимаратта акт залы, кітапхана, ІТ-кабинет бар, сондай-ақ вокал, би, қолөнер үйірмелерін өткізу үшін бөлмелер қарастырылған.
- Бұл мәдениет үйі ауыл жастарының өнерін шыңдап, бос уақыттарын тиімді өткізуге зор мүмкіндік береді. Ұлтымыздың салт-дәстүрі, рухани құндылықтары осы ордада жаңғырады деп сенемін. Ауылдың гүлденуіне қолдау көрсетіп, осындай игі істерді атқарып жатқан азаматтарға қариялардың атынан алғысымды білдіремін! – деген ауыл ақсақалы Жұмабек Тоқаев көпшілікке ақ батасын берді.
Бұдан соң жаңа нысанның лентасы қиылды. Жиналған қауым нысанды аралап, өнерпаздардың концерттік бағдарламасын тамашалады. Еске сала кетейік, Жамбыл облысында бүгінге дейін 5 мәдениет үйі мен 1 мұражай пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 2 нысан ел игілігіне тапсырылады.
Ағымдағы жылы 17 мәдениет нысаны жөндеуден өтті. 2024 жылдың қортындысы бойынша халықтың мәдени инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 84,8 пайызды құрайды (2023 ж. - 82,0%) деп күтілуде.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз