сейсенбі, 3 желтоқсан, 2024 22:20

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қордайлықтардың алғысына бөленген ақ халатты абзал жан

Қордайлықтардың алғысына бөленген ақ халатты абзал жан
ашық дереккөз
Күн сайын оның көз алдында жаңа өмір пайда болады. Дүние есігін ашқан сәбилердің іңгәлаған дауысын бірінші болып еститін де сол. Динара Ахметова – 15 жылдан бері Қордай аудандық орталық ауруханасының перзентхана бөлімшесінде неонатолог дәрігер болып қызмет етіп келеді.

Динараның негізгі міндеті – жаңа туған нәрестелердің жағдайын бақылау, мерзімінен бұрын, яғни шала туған сәбилерді күту. Қиын, бірақ өте қажет мамандықты таңдаған кейіпкеріміз әр балаға дүниеге келген сәттен перзентханадан шыққанша күтім жасайды.

 – Нәресте дүниеге келген соң біздің бақылауымызда болады. Егер бәрі жақсы болса, анасының қарауына беріледі. Ал денсаулығында кінәрат байқалса, интенсивті терапия палатасына жатқызып, тиісті емін жүргіземіз, – деп түсіндірді дәрігер.Динара Амангелдіқызы мамандығын мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ таңдап қойған. Айтуынша, отбасында дәрігер болмаған. Бірақ әжесінің ақ халаттыларға деген құрметі, «Қызым, сен өскенде дәрігер боласың» деген бірауыз сөзі жадында сақталып, өмірін медицинамен байланыстыруына себеп болған. Осылайша Динара Көкшетау қаласындағы медициналық колледжге оқуға түседі. Білім ордасын тәмамдаған соң Қарағанды медициналық академиясында «Балалар хирургиясы» мамандығы бойынша бес жыл білім алады. 

– Кейін тұрмыс құрып, жолдасым екеуміз Шымкент қаласына көштік. Арада біршама уақыт өткенде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жолдасымды Қордай ауданына жұмысқа жіберді. Ал мен аталған бағдарламамен осы облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына жұмысқа орналастым. Кейін басшылық Қордай ауданында неонатолог маманы жетіспейтіндігін айтты. «Неонатолог ретінде қайта даярлаудан өтсең, сонда жібереміз», деді. 

Осылайша 2009 жылы Қордай аудандық ауруханасында еңбек жолымды жалғастырдым. Аудандық аурухананың бас дәрігері Эйвас Фейзулаевич болатын. Бас дәрігер Алматыға екі айға қайта даярлау курсына жіберіп, келген соң неонатолог дәрігер ретінде қызметімді бастадым, – дейді Динара Ахметова.

Бүгінде Динара аудандағы сауатты мамандардың бірі. Кейіпкеріміз секілді кәсіби біліктілігі жоғары дәрігерлердің арқасында ауданда соңғы жылдары нәресте өлімінің деңгейі айтарлықтай төмендегені қуантады.

– Бір адамға көмектесіп, алғысын алсаң, керемет сезімде боласың. 2017 жылы перзентханаға жүрек ақауымен өте ауыр халдегі бір ана түсті. Айы-күні жетіп отырған ана баласын аман алып қалуымызды қатты сұрады. Ішіндегі сәби сол отбасының 4 қыздан кейін көргелі отырған ұл екен. Сонымен, анаға шұғыл түрде ота жасалды, бала өте ауыр жағдайда дүниеге келді. Реанимациялық шараларды өткіздік, жасанды желдету аппаратына қостық. Бір айта кетерлігі, мұндай шұғыл жағдайда науқасты облыс орталығына апару мүмкін емес. Өйткені науқас 350 шақырым жолды көтере алмайды.

Сондықтан біз ана мен баланың өміріне қауіп төнбеген жағдайда ғана Таразға жіберуге тырысамыз. Біз сол ана мен баланың өмірі үшін барымызды салып күресіп, нәтижесінде екеуін де аман алып қалдық.Кейіннен олар шексіз ризашылықтарын айтып, перзентхана алдына алғыстарының белгісі ретінде шырша егіп кеткендері есімде. Қазір сол бала 6 жаста, – дейді дәрігер.


Әр адамның өмірінде сәтсіздіктердің орын алуы заңдылық. Біздің кейіпкеріміз де осы пікірмен келіседі.

«Әрине, өмір болған соң қайғылы жағдайлар да болып тұрады. Кейде анасы дәрігерлердің көмегіне кеш жүгінеді, баланың жүрегі құрсақта болғанда тоқтап қалады, тағы бірде қан кетіп қалады, бір сөзбен айтқанда, әртүрлі жағдайлар орын алады. Мұндай кезде көңілде өкініш тұрады. Арасында есікті жауып алып, көздің жасына ерік бересің. Бірақ алдыңнан қандай қиыншылықтар шықса да төтеп беруің керек. Бұл – өмірдің ағымы, – деп ағынан ақтарылды кейіпкеріміз.Неонатолог дәрігердің жұмысының маңызды бағыттарының бірі – шала туған нәрестелерді күту. Динара Амангелдіқызы соңғы жылдары мерзімінен бұрын босану деректерінің көбейіп бара жатқанын жеткізді.

– Оның басты себебі – әйелдердің өз денсаулығына немқұрайды қарауы, жүктілікті жоспарламауы. Жыл сайын босану, дұрыс тамақтанбау, қажетті дәрумендерді қабылдамау мерзімінен бұрын босану қаупін күшейтеді, – дейді дәрігер.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар