Плей-оффқа өте алмады
Балтық жағалауында өтіп жатқан шайбалы хоккейден әлем чемпионатының топтық кезеңдегі бәсекелері аяқталып, жаһандық доданың плей-офф кезеңіне жолдама алған құрамалар белгілі болды. В тобында сынға түскен Қазақстан құрамасы соңғы турда Норвегия хоккейшілерімен кездесіп, қарсыластарына жол берді.
Әлем чемпионатының топтық кезеңдегі соңғы турында Қазақстан мен Норвегия хоккейшілерінің жолы түйісіп, кездесу қарсыластың жеңісімен аяқталды. Бірінші кезеңде командалар ұзақ уақыт бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алмай, біраз әбігерге түсті. Дегенмен 10-минуттан бастап қарсыластарын қыспаққа алған Қазақстан құрамасы бірінші кезеңнің аяқталуына 4 минут қалғанда гол соға алды. Қорғаушы Виктор Сведбергтен тамаша пас алған шабуылшы Дмитрий Шевченко қақпашымен бетпе-бет шығып, әлем чемпионатындағы алғашқы шайбасын соқты.
Екінші кезеңде Норвегия хоккейшілері басымдықты өз қолдарына алып, 28-минутта таразы басын теңестіріп кетті. Томас Валквэ Олсен Матиас Треттьенстің шығарған пасынан кейін Қазақстан қақпасына шайбаны дәл бағыттады – 1:1. Үшінші кезеңді де белсенді бастаған қарсыластар ойын бастала салысымен қақпамызға екінші шайбасын соқты. Гол авторы – Стефан Эспеланд. Біздің командада есепті теңестіру былай тұрсын, есепте алға шығатын бірнеше мүмкіндік болғанымен, хоккейшілеріміз ұрымтал сәтті тиімді пайдалана алмады. Норвегиялықтар «сен соқпасаң, саған соғады» деген қағиданы берік ұстанып, кездесудің аяқталуына бір минут қалғанда үшінші голын соғып, кездесудің нүктесін қойды. Қорытынды есеп – 3:1, Норвегия хоккейшілерінің пайдасына.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала