Президент Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваны қабылдады
- авторjambylinfo.kz
- 18 маусым, 2024
- 417
Кездесуде Динара Зәкиева Қасым-Жомарт Тоқаевқа бір жыл ішінде балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берген, деп жазады jambylinfo.kz.
Мемлекет басшысы әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бағытында қабылданған заңнамалық өзгерістердің нәтижесінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары күшейтілгенін және балаларға қатысты зорлықтың кез келген түріне жаза қатаңдатылғанын атап өтіп, Заңға Бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен азаматтық қоғам секторы бірлесе ұсынған нормалар топтамасы енгенін тілге тиек еткен.
Ал Динара Зәкиеваның айтуынша, қазір аталған заңнамалық нормаларды нақты жүзеге асыру үшін белсенді жұмыс жүріп жатыр.
«Атап айтқанда, «111» бірыңғай байланыс жүйесі іске қосылды. Сондай-ақ мектептерде буллингпен күресу үшін КiVa бағдарламасы және 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап қауіпсіздік сабақтары енеді. Балаларға арналған медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері үшін арнайы оқу курсы басталады. Қорғаншылық және қамқоршылық органдарын күшейту мәселесі пысықталып жатыр», -деді Динара Зәкиева.
Сондай-ақ, оның сөзінше, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен, сондай-ақ «Қазақстан халқына» және «Қамқорлық» қорларымен серіктестік негізде 6 аутизм орталығы, 11 өңірлік оңалту орталығы ашылған.
Өз кезегінде Президент құқықтық сауаттылық деңгейін көтеру және оқушылар арасында «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттау маңызды екенін айтып, Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында берген тапсырмасына сәйкес Біртұтас тәрбие бағдарламасы әзірленгенін еске салған.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз