Сарысу ауданында ас тұзы өндіріледі
Жалпы, Сарысу ауданы бұрыннан өндірісі өркендеген, экономикасы дамыған аймақ ретінде белгілі. Аудан орталығы Жаңатас қаласының өзі кезінде ел экономикасында айтарлықтай орны бар шаһар болған. Бүгінгі таңда Жаңатас қаласының әлеуеті қайтадан көтеріліп, өңірде кәсіпкерлік саласына бетбұрыстар жасалуда.
Қазір аталған ауданда фосфор өндіретін екі ірі зауыт бар. Сонымен қатар қазіргі таңда ауданда 2279 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Сарысу ауданы әкімдігінің мәліметінше, олар мемлекеттен несие алу бағдарламаларын да игеріп, өзін және өзгені де жұмыспен қамтитын жағдайға жеткен. Аудан халқының 35 пайызы, яғни 7644 азамат өнеркәсіп немесе кәсіпкерлік саласында жұмыс істейді.
Бүгінгі таңда Жамбыл облысында кәсіпкерлік кең өріс алып, бұл бағыт аудандар ахуалын арттыруға өзіндік үлесін қосып отыр. Астана қаласының мерейтойына орай «20 жылдыққа – 20 нысан» акциясы аясында бірқатар аудандарда кәсіпкерлік нысаны ашылып, өз жұмысын бастады. Сондай кәсіпкерлік нысанның бірі Сарысу ауданындағы ас тұзын өндіретін және өңдейтін «Асыл тұз» компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жалпы құны 710 миллион теңгені құрайтын жобаның құрылысы облыстың кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген. Сонымен қатар аталған кәсіпкерлік нысанының өндірістік қуаттылығы жылына 50 мың тоннаны құрайды.
Сарысу ауданының әкімі Балабек Нарбаевтың айтуынша, бұл жаңа өндіріс орнының іске қосылуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді және өндіріс өрісін одан әрі кеңейте түседі. Енді ас тұзын шығаратын кәсіпорында 75 жаңа жұмыс орны пайда болады. Сондай-ақ аталған кәсіпкерлік нысан тұрғындарды жұмыспен қамту арқылы әлеуметтік жағдайды жақсартуға, салық қазынасын толықтыруға да оң әсерін тигізеді.
Бүгінгі таңда аталған серіктестік аудан орталығынан 200 шақырым қашықтықта жатқан Жайлаукөл немесе Шығанақ жеріндегі кен орындарынан тұз тасып жатқан болса, алдағы уақыттарда жақын жерлердегі тұз кендерін барлау және игеру жұмыстарын бастайды. Қазіргі кезде аталған серіктестіктің басты мақсаты шикізат көлемін ұлғайту болып отыр. Егер шикізат көбейсе өндірістің өрісі кеңейіп, қуаты да артатын болады.
Жұмыс барлық талапқа сай болу үшін бүгінде мұнда Ресей және Украина мемлекеттерінен құрылғылар әкелініп, зауыт толығымен автоматтандырылған. Өндіріс орнының тұз сақтайтын өз қоймасы да бар екен. Цех басшысы Жандос Шұғаевтың айтуынша, бүгінде өндірілген ас тұзын Жамбыл облысынан бөлек, Қарағанды облысына және көрші Қырғыз Республикасына экспорттау жұмыстары жолға қойылған.
Осы уақытқа дейін «Қазфосфат» арқылы фосфор өндірумен, «ЕуроХим» арқылы химиялық тыңайтқыштарды өңдеумен аты шыққан Сарысу ауданы енді ас тұзын өндіруде белсенділік танытуда. Бұл ретте аудан әкімдігі тарапынан тиісті қолдау да бар. Жақын арада зауытқа жергілікті әкімдік тарапынан темір жол тұйығын салуға және электр жарығымен қамтуға тиісті көңіл бөлінбек.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала
Сарысуда жайылым жетіспеушілігі жоқ
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Таразда Дінмұхамед Қонаевтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды
- авторСадуақас Айсұлу
- 11 қаңтар, 2025
Жаңалықтар
Маңғыстауда колледж бухгалтері 243 млн теңгені жымқырған
- авторСадуақас Айсұлу
- 11 қаңтар, 2025