Сарысу ауданында халықпен есептік кездесулер өтті
- авторСадуақас Айсұлу
- 26 шілде, 2025
- 360
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов халықпен есептік кездесулер өткізуде. Осындай жиындардың бірі Байқадам ауылдық округінде ұйымдастырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ауылда бірқатар инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, өрт сөндіру ғимараты жөндеуден өтіп, шатыры жаңартылып, көліктерге арналған бокс салынуда. Ғимараттың ішкі және сыртқы бөліктері де жаңартылып жатыр.
Сұлтанғазиев көшесіне LED экран орнатылып, тұрғындарды ақпараттандыру мүмкіндігі артты. Сол көшеде орналасқан мектеп маңындағы 172 метрлік су ағатын лоток жаңартылып, көктемгі тасқын суға қарсы шаралар күшейтілді.
Т.Рысқұлов көшесінде волейбол және баскетбол алаңшасы салынды. Сонымен қатар, Сарымолдаев көшесінде ауылшаруашылыққа қажетті жаңа нысандар — ветеринарлық пункт, мал емдеу орны және тоғытпа құрылысы жүріп жатыр.
Кездесу барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов қоғамдық жұмысқа белсене араласқан ардагерлерді марапаттады. Саудакенттегі жүйелі жұмыстар аудан әкімдігінің қолдауы арқасында жүзеге асырылуда.
Осыған ұқсас жиын Жаңаталап ауылдық округінде де өтті. Кездесуге ауыл тұрғындары, ардагерлер, жастар мен мекеме өкілдері қатысты. Әкім округтегі жұмыстар барысын баяндап, тұрғындар сұрақтарына нақты жауап берді.
Ұйым ауылында Сырлыбаев көшесінің 420 метрі жөнделіп жатыр. Жасыл желектерді суару үшін 5 жерден шахталы құдық қазылып, суару жүйесі жолға қойылған. Жаңаталап ауылындағы балалар ойын алаңына жұмсақ төсеме төселіп, балаларға қауіпсіз орта жасалған.
Сондай-ақ, ауылда жаңа ветеринарлық пункт, мал емдеу орны және тоғытпа құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл нысандар мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік береді.
Жиын соңында ардагерлер марапатталып, тұрғындар аудан басшысына ризашылықтарын білдіріп, ауыл ішіндегі өзекті мәселелерді ортаға салды. Әкім барлық ұсыныстар назарға алынатынын және кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.




