жексенбі, 1 маусым, 2025 6:52

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Шомылу маусымына дайындық күшейтілуде

Шомылу маусымына дайындық күшейтілуде
Pixabay.com
Жаз мезгілінің шомылу маусымымен қатар келуі — демалушылар үшін көңілді сәттермен қатар, қауіпсіздікке де ерекше мән беруді талап етеді.

Осыған байланысты Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті шомылу кезеңіне дайындық жұмыстарын пысықтауда. Осы тақырып аясында Jambylinfo.kz тілшісі атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, департамент өкілдерімен сұхбаттасып қайтқан болатын.

Департамент өкілінің айтуынша, шомылу маусымының қауіпсіз өтуі үшін су айдындарында бірқатар маңызды шаралар қолға алынған. Ең алдымен, барлық жағажайларда арнайы белгіленген шомылу аймақтары мен қауіпсіздік шектеулері болуы тиіс. Бұл — су тереңдігі, ағыс жылдамдығы сияқты факторларға байланысты жүзеге асырылады.

— Облыс аумағында шомылуға рұқсат етілген 13 орын бекітілді (2025 жылғы 31 мамырдағы №139 қаулысы). Қазіргі таңда осы орындарды талапқа сай жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, «2025 жылғы суға шомылу кезеңіндегі қауіпсіздік шаралары туралы жоспар» әзірленіп, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қол қоюымен бекітілді, — деді департамент өкілі.

Оның айтуынша, 14 сәуірде өткен Жамбыл облысының Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысында шомылу маусымына дайындық мәселесі қаралып, тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар берілген.

— Тараз қаласы және аудандық төтенше жағдайлар бөлімдері полиция бөлімшелері мен еріктілермен бірлесіп, күнделікті профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Бұл жұмыстар арнайы бекітілген график негізінде атқарылып жатыр, — деді ол.

 

Құтқарушылардың кәсіби даярлығы мен тұрақты кезекшілігі де басты назарда. Олар шомылушыларды тек судан құтқарумен ғана емес, қауіпті жағдайдың алдын алумен, түсіндіру жұмыстарымен де айналысады. Сонымен қатар, су айдындарының санитарлық және экологиялық жағдайы да бақылауға алынған.

— Департамент базасында 50 волонтерлік ұйым басшысы мен үйлестірушісі арнайы даярлық курстарынан өтті. 27–28 мамыр күндері еңбек және демалыс лагерьлері қызметкерлерін оқыту жоспарлануда. Қазірдің өзінде 350 рейд жүргізіліп, 5 500 жадынама таратылды. Бұл шараларға 90 волонтер тартылды, — деді департамент маманы.

Халықты қауіпсіздікке үндеу мақсатында БАҚ пен әлеуметтік желілерде де белсенді түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

— Теледидарда 5 рет, радиода 1 рет сөз сөйлеу ұйымдастырылды. Әлеуметтік желілерде 46 мақала жарияланып, 1 брифинг өткізілді. Бұдан бөлек, 24 мақала баспа бетінде, 3 материал электронды ақпарат агенттіктерінде жарық көрді, — деді ол.

Жағажайлардың тазалығы мен судың сапасы да бақылауда. Бұл — тек жайлылық үшін емес, демалушылардың денсаулығы мен табиғи орта үшін маңызды.

— Қоқыс жәшіктері орнатылып, олар үнемі тазартылып отырады. Су айдындарына арнайы тазалау жұмыстары жүргізілуде. Жағажай аумағында экологиялық акциялар өткізіліп, демалушыларға экологиялық мәдениеттің маңызы түсіндірілуде, — деді ол.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және адам өлімінің алдын алу үшін «Мамыр қауіпі» акциясы бастау алған. Су айдындарында профилактикалық рейдтер мен патрульдеу жұмыстары тұрақты негізде жүргізілуде.

— Жастар аллеясында судағы қауіпсіздікке арналған флешмоб өткізілді. Мамыр айында мектеп жанындағы лагерьлерде үгіт-насихат шараларын ұйымдастыру жоспарланған. Сонымен қатар, Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы арқылы №4 спорт мектебінде 180 бала тегін жүзуге үйретілді. Жыл басынан бері суға кету деректері тіркелген жоқ, — деп түйіндеді департамент өкілі.

Шомылу маусымына дайындық — бұл тек тазалық пен қауіпсіздік шаралары ғана емес, экология мен адам өміріне деген жауапкершілік. Әр азамат қауіпсіздік ережелерін сақтап, қоршаған ортаға бейжай қарамаса, жазғы демалыс та сәтті өтеді.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар