Шымкенттегі қарулы шабуыл: Әкімдік алғаш рет пікір білдірді
- авторАрайлы Жақсылық
- 23 сәуір, 2025
- 571

Шымкент қаласы әкімдігінде өткен брифинг барысында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек 21 сәуір күні орын алған оқиғаға қатысты түсініктеме берді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Еске салсақ, сол күні әкімдік ғимаратының алдында әкім орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалған болатын.
«Оқиға кезінде біз, әкімдік басшылығы, барлығымыз жұмыс орнымызда болдық. Дереу жедел жәрдем мен полиция шақырдық. Руслан Берденов шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, оған жедел түрде операция жасалды. Операция ұзаққа созылды. Қала әкімі және біз, оның орынбасарлары, түнгі екілер шамасында ғана ауруханадан шықтық», – деді Сәрсен Құранбек.
Ол сондай-ақ полиция қызметкерлері мен медицина қызметкерлеріне кәсіби әрі жедел әрекеттері үшін алғыс білдірді.
Неліктен әкімдік бұл оқиғаға қатысты бұған дейін түсініктеме бермегені туралы сұраққа Құранбек былай жауап берді:
«Қылмыс болған жерде біздің құзыретіміз жүрмейді. Бұл – полиция органдарының құзырындағы іс. Ал зардап шегушінің денсаулығы бойынша ақпаратты денсаулық сақтау басқармасы береді. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп жатыр. Оны прокуратура бақылауда ұстап отыр. Біз сіздердің сұрақтарыңыз барын түсінеміз, бірақ ол адамның не үшін қылмысқа барғаны туралы пікір білдіре алмаймыз. Себебі тергеуге әсер етпеу үшін қандай да бір ақпарат таратуға құқығымыз жоқ. Тергеу аяқталып, іс сотқа жолданған кезде барлық қажетті мәліметтерді полиция департаменті ұсынады», – деп түсіндірді ол.
Сәрсен Құранбек Берденовке шабуылдың себебіне қатысты түрлі қауесеттердің таралуына да тоқталып өтті.
«Бұл оқиғаға қатысты әртүрлі сыбыстар тарап жатыр. Бірақ біз олардың шындыққа жанаспайтынын мәлімдейміз. Бұл сұраққа нүкте қоятын – тергеу. Мүмкін, қылмыскер психикалық тұрғыдан ауытқуы бар адам шығар, не болмаса есірткі әсерінде болған болуы мүмкін – біз нақты айта алмаймыз», – деді әкім орынбасары.
Еске сала кетейік, 21 сәуір күні кешкісін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ атылған болатын. Қалалық әкімдік ғимараты маңында болған бұл оқиғаға байланысты күдікті қолға түсіп, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Берденовке төрт сағатқа созылған күрделі операция жасалды. Дәрігерлер оның кеуде қуысына оң жақтан тиген оқтан ауыр жарақат алғанын хабарлады. Әкім орынбасары есін жиғанымен, жағдайы ауыр күйінде қалып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін тараған бейресми ақпаратқа сәйкес, қылмысты жасаған адам – әкімдікте жұмыс істейтін 31 жастағы Жиенбай есімді азамат. Әлеуметтік желіде күдіктінің қылмысқа бару себебі ретінде бірнеше нұсқалар таралғанымен кейіннен әкімдік тарапынан жоққа шығарылды.
Сондай-ақ, «Республика» партиясының мүшесі, Руслан Берденовтің партияласы Бейбіт Әлібеков жасалған қарулы шабуылдың себебі ретінде әлеуметтік желіде өзінің нұсқасын ұсынды. Оның айтуынша, Берденовті бұған дейін де бірнеше рет қорқытқан. Әлібеков бұл қастандықтың себебі ретінде «құрылыс саласындағы тәртіп орнату» бастамасын атады.