Сорбұлақта қаза тапқан майорды ақтық сапарға шығарып салды
- авторСадуақас Айсұлу
- 11 тамыз, 2025
- 501
Бүгін Павлодар облысы, Шарбақты ауданының Шалдай ауылында әскери тікұшақ апатынан қаза тапқан ұшқыш Бахтияр Ержігітовті туған-туыстары мен жақындары ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Сорбұлақ көлі үстінде әскери тікұшақ кенеттен байланыссыз қалған сәтте, бәріміздің жүрегіміз бір үміт, бір күдікпен соқты. «Аман болар, оралар» деген тілекпен алаңдап, дұғада болдық. Алайда тағдырдың жазуы басқаша болды. Бахтияр – ата-анасының көз қуанышы, отбасының тірегі, елінің ертеңіне үміт болған азамат еді. Ақтөбедегі әскери училищені және Талғат Бигелдинов атындағы әскери институтты тәмамдаған ол Семейде, кейін Жетігенде әскери қызмет атқарды. Борт инженері лауазымынан майор шеніне дейін көтерілді. Жасы небәрі 32-де еді. Бірақ сол қысқа ғұмырдың өзі – ерлік пен елге адалдыққа толы болды, – деп жазды әкімдік.
25 шілде күні Алматы облысында жоспарлы ұшу барысында Қарулы Күштер Әуе қорғанысы күштерінің EC-145 тікұшағы радардан жоғалып кеткен еді. Сол уақыттан бастап шұғыл іздеу жұмыстары басталып, тікұшақпен барлау жүргізілді. Сорбұлақ су қоймасы қаралды. Қазғарыш спутниктік суреттері арқылы жанар-жағармайдың ізі анықталып, су қоймасына жақын маңнан тікұшақтың бірнеше бөлшегі табылды. Осыдан кейін жедел штаб құрылып, арнайы топтар жұмылдырылды.
9 тамыз күні 14 метр тереңдікте тікұшақтың сынықтары мен экипаж мүшесінің мәйіті табылды. Ал кеше екінші адамның — Бахтияр Ержігітовтің денесі судан шығарылды. Экипаждың үшінші мүшесіне қатысты ақпарат әзірге жоқ.
Облыс әкімдігі марқұмның жары Раушанға, балалары Ахмад пен Айлинге, ата-анасы Сәниолла Ержігітұлы мен Айман Задашқызына қайғырып көңіл айтты. Сіздердің қайғыларыңыз – баршамыздың ортақ қайғымыз. Бахтияр ел есінде қаһарман батыр ретінде қалады. Жаны жәннатта, нұры пейіште шалқысын, – делінген әкімдік хабарламасында.




