Су тасқыны: Елімізде қанша үй су астында қалғаны белгілі болды
- авторjambylinfo.kz
- 15 сәуір, 2024
- 695
Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингіде Ерасыл Сайпаш елдегі су тасқыны бойынша жаңа деректерді баяндады.
«Су тасқыны басталғалы бері барлығы 111 194 адам, оның ішінде 39 222 бала құтқарылып, эвакуацияланды, 107 613 мал қауіпсіздік жерге айдалды. ТЖМ психологтары жергілікті жерлерде азаматтарға және жедел желі телефондары арқылы шұғыл психологиялық көмек көрсетуді жалғастыруда. Бүгінгі күнге дейін жедел желіге түскен 1 728 қоңырау пысықталды», - деді спикер.
Бүгінгі күні 11 950 адам өз үйлеріне оралды, 6 746 адам, оның ішінде 2 967 бала эвакуациялау пункттеріне орналасқан. Жұмылдырылған күштер мен құралдар 9,5 млн текше метр еріген қар суы сорып шығарды, 2,2 млн қапшық және 1,2 млн тонна инертті материал төседі. 3 511 тұрғын үй мен 2 157 аула аумағынан су бұрылды. Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 33 101 адам, 4 182 техника, 853 су сору құралы, 335 жүзу құралы, 10 әуе кемесі жұмылдырылды.
«Осы сағатта Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 414 жеке тұрғын үй, 1 617 аула аумағы және 2 035 саяжай үйлері су астында қалып отыр. Зардап шеккен өңірлерге 1 400 тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізілді», - деді Е.Сайпаш.
Еліміздің 8 өңірінде Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында жергілікті ауқымдағы 37 ТЖ режимі енгізілген.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз